Павлодарлық кинологиялық иттердің жұмыс тәртібі қандай?

Павлодарлық кинологиялық иттердің жұмыс тәртібі қандай?
Фото: Есенжол Исабек

Аймақта 28 кинологиялық ит жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық кинологиялық орталықта 15 ит, ал облыста 28 ит қызмет етеді. Әр ауданда бір қызметтік ит бар. 

Павлодар облысы полиция департаменті кинологиялық қызметінің инспекторы Дамир Бейсенбаев  қызметтік иттің жұмыс күнін айтып берді. 

– Иттің күні кезекші кинологтың қадағалауымен тамақ, су ішуден басталады. Содан кейін дымқыл және құрғақ тазалау жасалады. Кейін олар жаттығуға барады.  Жаттығу кезінде иттерді қатты шаршатпаймыз, өйткені олар өз мамандықтарын біледі. Әр сағат сайын 15 минут жаттығады.  Кешке тамақтандырылады. Ал кезекші ит жұмыс істейді, – деді Дамир Бейсенбаев. 

Қызметтік иттер күшік кезінен, яғни шамамен үш айынан бастап үйретіледі. Олар Алматы қаласының кинологиялық орталығынан әкелінеді. Иттер сегіз жылға дейін жұмыс істейді. Кейін денсаулық жағдайына қарай жұмыс істей ала ма, жоқ па екені сарапталады. Егер жоқ болса, олар зейнетке шығады. Егер иесі жер үйде тұрса, онда ол оны үйіне алып кете алады.

Кинологиялық иттер жарылғыш заттарды, есірткі заттарын және адамдарды іздейтін иттер болып бөлінеді. Сонымен қатар, андрологиялық іздеу, яғни саусақ іздерін іздейтін иттер де бар. Бельгиялық овчаркалар есірткі және жарылғыш заттарды іздеу бойынша, неміс овчаркалары негізінен адамдарды табу бойынша,  лабрадорлар андрологиялық үлгі бойынша жұмыс атқарады. 

– Біз иттерге үй тағамдарын бермейміз, тек арнайы тамақ беріледі. Шақырту кезінде тағамдарға тиіспеуге үйретуге тырысамыз.  Олар адамдардың қолынан да тамақ алмайды. Өз жұмысын орындаған итке ойыншық беріп, ойнатамыз, – деп бөлісті спикер. 

Кинологиялық қызметтің инспекторы шақыртуларды тез арада орындауға тырысатындарын айтады. Қазір облыста есірткі құралдары бойынша жұмыстар жүргізілуде. Таңертең постта кинологтар тұрады. Алматыдан келген тауарларды, Қазпошта, жәрмеңкелерді тексереді. Жыл басынан бері кинологиялық иттердің арқасында 80 қылмыс ашылған. Оның 25-і есірткі құралдары бойынша.

– Боран есімді ит кез келген жерден есірткі заттарын таба алады, – деді спикер. – Балалар жоғалып кеткенде, ит баланың ізі бойынша тез табатын кездер болады. Тонау болған жерге де апарамыз. Егер оқиға орнында іздер немесе іздердің иісі болса немесе қылмыскердің бір заты болса, ит із бойынша іздеп, тез таба алады. Іздер мен иістер болмаған кезде қиын сәттер болады.

Қылмыстарға барған кезде жердегі сынықтар иттердің табаның зақымдауы мүмкін. Ондай жағдайларда олар арнайы клиникаға жеткізіледі. Егер иттерде ауыр жарақат болмаса, қызметкерлер өздері көмек көрсеті. 

–  Мен бұл қызметте бес жыл жұмыс істеймін, – дейді Дамир Бейсенбаев. – Жұмысқа жаңа орналасқанда иттермен жұмыс істеу қызық болды. Алғашқы екі ай олармен байланыс орнаттым. Қазір иттерімді нағыз досым, әріптесім ретінде жақсы көремін.

Қалалық кинологиялық орталықта екі ит кинологы және бір басшы қызмет атқарады. Қазіргі уақытта екі бос вакансия бар.