Павлодарлық криминалистер кәсіби біліктілігін арттырды

Павлодарлық криминалистер кәсіби біліктілігін арттырды
Фото: Константин Шелков

Мамандар арнайы емтихан тапсырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Полиция ведомствосында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің жедел-криминалистикалық департаментінің біліктілік комиссиясы жедел-криминалистикалық бөлімшелер қызметкерлері арасында біліктілік емтихандарын өткізді.

Емтиханға Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының, Ұлытау облысының және көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері қатысты. Тексеру барысында мамандардың криминалистикалық зерттеу әдістемелері бойынша білімі бағаланды. Атап айтқанда, суық қаруды зерттеу, дактилоскопиялық және трасологиялық сараптамалар қамтылды.

Емтихан қорытындысы бойынша облыстық полиция департаментінің жедел-криминалистикалық бөлімшелері қызметкерлері өз біліктіліктерін сәтті растап, тиісті криминалистикалық зерттеу түрлерін дербес жүргізуге құқық беретін куәліктер алды.

Облыстық полиция департаментінің жедел-криминалистикалық басқармасының бастығы Арғын Сұлтанов мамандықтың маңыздылығына тоқталды.

– Криминалист мамандығы өз ерекшелігі бар, өте қызықты әрі жауапкершілігі жоғары сала. Жазаның бұлтартпастығы сенімді дәлелдемелік базаға негізделеді, сондықтан криминалистердің рөлі өте маңызды. Оларсыз бірде-бір тергеу басталмайды, – деді ол.

Өткізілген іс-шаралар қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыруға, тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге және жүргізілетін зерттеулердің сапасын нығайтуға ықпал етті.