Павлодарлық мүмкіндігі шектеулі ұстаз өз таңдауын жасады
Шаһардағы №91 сайлау учаскесінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өз таңдауын еркін әрі кедергісіз жасауына барлық жағдай қарастырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Учаскеде арнайы пандустар, жүріп-тұруы қиын сайлаушыларға арналған қызметкерді шақыру батырмасы және көру қабілеті бұзылған азаматтарға арналған Брайль қарпімен трафареттер бар.
Бұл туралы №91 сайлау комиссиясының төрағасы Сания Батхолдина айтып берді.
– Барлық азаматтардың тең дәрежеде дауыс беруіне мүмкіндік болуы үшін үлкен көңіл бөлінуде. Біздің сайлау учаскемізде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін арнайы пандустар, сондай-ақ жүріп-тұруы қиын сайлаушыларға арналған қызметкерді шақыру батырмасы қарастырылған. Қажет болған жағдайда қызметкеріміз барлық қажетті көмекті көрсете алады, – деді ол.
№91 сайлау учаскесінде барлығы 2 385 сайлаушы тіркелген. Олардың ішінде көру қабілеті бұзылған төрт, есту қабілеті бұзылған үш азамат және кресло-арбаны пайдаланатын 11 сайлаушы бар.
Сания Батхолдинаның сөзінше, учаскелік сайлау комиссиялары мен әлеуметтік ұйымдардың бірлескен жұмысы сайлау процесінің барлық азаматтар үшін қолжетімді болуына мүмкіндік береді.
– Осылайша, барлық сайлаушылар үшін қолжетімді орта қалыптастырып, тең жағдай жасауға, дауыс берудің жайлы әрі қолжетімді өтуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік бар, – деді комиссия төрағасы.
№91 сайлау учаскесінің алғашқы сайлаушылары 70 жас шамасындағы екі зейнеткер болды. Алғашқы сайлаушыларға естелік сыйлық ретінде шағын кеселер табысталды.
Сайлауға қатысқан азаматтардың қатарында №29 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Нағым Сағатова да бар. Ол 2008 жылы жол апатына ұшырап, содан бері кресло-арбамен жүреді. Соған қарамастан, Нағым Бейсенқызы сайлауға үнемі қатысып, өз дауысын беріп келеді.
– Қазақстан Республикасының азаматы ретінде өз таңдауымды жасауға мүмкіндігім де, еркіндігім де бар. Сондықтан сайлау учаскесіне өзім келіп дауыс бергенді ұнатамын, маған ыңғайлы, – дейді ол.
Оның айтуынша, бүгінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қалада инватакси қызметі де қолжетімді. Қызметті алдын ала тапсырыс беріп, қажетті уақыт пен баратын орынды көрсету арқылы пайдалануға болады.
– Инватакси қызметін бір күн бұрын тапсырыс беріп, баратын жеріміз бен уақытты белгілейміз. Қалаған жерімізге, қалаған уақытымызда баруға мүмкіндік бар. Барлық жағдай жасалған. Мен өзім ұстаздық қызмет атқаратындықтан, инватаксиді күнделікті жұмысқа, театрға, мәдени орындарға, түрлі іс-шараларға, дүкендерге және қалаған жеріме бару үшін пайдаланамын, – деді ол.
Нағым Бейсенқызы №91 сайлау учаскесінде де мүмкіндігі шектеулі азаматтарға дауыс беру үшін қажетті жағдай жасалғанын атап өтті.
Ұстаз Құрылтай сайлауынан үлкен үміт күтетінін айтып, елдің болашағы үшін өз таңдауын жасағанын жеткізді.
– «Елім, халқым» деп қызмет ететін азаматтар келіп, еліміздің және халықтың жағдайын жақсартуға аянбай еңбек етеді деп сенемін. Егеменді еліміздің жарқын болашағы үшін өз таңдауымды жасадым, – деді Нағым Сағатова.
Жалпы, сайлау учаскесінде жасалған инфрақұрылым мен көрсетілетін қызметтер азаматтардың денсаулық жағдайына немесе қозғалыс мүмкіндігіне қарамастан дауыс беру құқығын жүзеге асыруына жағдай жасап отыр.