Павлодарлық магистрант тері ауруларын анықтайтын ЖИ көмекшісін әзірледі

Бот Telegram платформасы арқылы жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Торайғыров университетінің Computer Science факультетінің магистранты Азизбек Татенов тері ауруларын анықтауға арналған медициналық ЖИ-көмекшіні жасап шықты. Бұл жоба оның магистрлік диссертациясының негізі болған.
– Бізге жасанды интеллект құралдарын пайдаланып жоба жасау міндеті қойылды. Жүйенің жұмыс істеу механизмі қарапайым: қолданушы фотосуретті жүктейді, ал бот тері ауруының немесе оның белгілерінің ықтималдығын анықтайды. Бот қорында әлемдік медициналық платформалардың дерекқорларынан алынған он мыңнан астам сурет бар, – дейді Азизбек Татенов.
Оның айтуынша, бұл бот диагноз қою немесе ем тағайындау құралы емес. Негізгі мақсаты – адамды дер кезінде маманға бағыттау және ауру белгілері байқалған жағдайда оны ескерту.
– Мен дәрігер емеспін, сондықтан нақты диагноз қоя алмаймын. Сол себепті бот тек аурудың ықтималдық пайызын көрсетіп, кеңес пен мүмкін емдеу тәсілдері туралы ақпарат береді. Соңғы шешімді дәрігер қабылдайды, – деп түсіндірді ол.
Алдағы уақытта магистрант деректер базасын кеңейтіп, прототипті толыққанды мобильді қосымшаға айналдыруды жоспарлап отыр. Әзірге боттың атауын ойлап таппады.
Айта кетейік, шаһарға жұмыс сапарымен келген ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щегловаға жасанды интеллект бағытында әзірленген 20 студенттік жоба таныстырылды.
Олардың қатарында құжаттарды мониторингтеу үшін арналған ЖИ-агент, талапкерлерді қабылдау процесін оңтайландыратын ToU Document жүйесі, ғылыми мақалаларды талдауға арналған AI Scientometer платформасы бар.
Вице-министрдің ерекше назарын Neuro News жобасы аударды. Бұл жүйе жасанды интеллект көмегімен жаңалықтар жасайды және Meta LLaMA Accelerator Kazakhstan бағдарламасының жеңімпазы атанған. Қосымшада инклюзивті функциялар – дауыстық көмекші, мәтінді дыбыстау және дальтонизмге шалдыққан адамдар үшін контрастты өзгерту мүмкіндігі бар.
Сапар барысында Динара Щеглова облыс тұрғындарымен кездесті. Ол ғылым мен жоғары білім саласындағы соңғы үрдістермен бөлісіп, оқу үдерісіне жасанды интеллектіні енгізудің маңыздылығын атап өтті. Вице-министр AI-SANA республикалық жобасы аясында 650 мың студентті ЖИ-мен жұмыс істеу дағдыларына үйрету жоспарланғанын айтты. Оның ішінде 100 мың студент шетелдік мамандар қатысатын арнайы оқу бағдарламасынан өтпек.