Павлодарлық маман Ресейдегі үздік энергетиктердің бірі атанды

Павлодарлық маман Ресейдегі үздік энергетиктердің бірі атанды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кирилл Цыбанёв релелік қорғаныс және автоматика бойынша кәсіби байқауда топ жарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, павлодарлық мамандар Мәскеуде А.Ф. Дьяков атындағы Бірыңғай энергетикалық жүйенің корпоративтік білім беру және ғылыми орталығында өткен кәсіби шеберлік байқауы мен біліктілікті арттыру курсына қатысты.

Электртехникалық зертхананың инженері Кирилл Цыбанёв «2026 жыл релелік қорғаныс және автоматика үздік маманы» байқауында «Алтын резерв» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Ал «2026 жылдың үздік кезекші электр монтері» байқауында Павлодар 3-ЖЭО атынан электр цехының 4-разрядты электр монтері Руслан Галиев өнер көрсетті.

– Байқауға Ресейдің оңтүстігінен Қиыр Солтүстікке дейінгі түрлі өңірлерден мамандар келді. Мен үшін бұл өз білімімді сынап көру, әріптестермен тәжірибе алмасу және басқа кәсіпорындардағы жұмыстың ерекшеліктерімен танысу мүмкіндігі болды, – дейді Кирилл Цыбанёв.

Байқау төрт кезеңнен тұрған. Қатысушылар еңбекті қорғау және өрт қауіпсіздігі бойынша тест тапсырған, тоқ трансформаторларын тексерген, релелік қорғаныс құрылғыларын баптаған және арнайы жабдықтарда практикалық тапсырмалар орындаған.

Кирилл Цыбанёвтің айтуынша, жарысқа дайындық алдын ала басталған. Кейбір құрылғылар күнделікті жұмыста сирек қолданылатындықтан, қатысушылар теориялық білімдерін жаңартып, техникалық әдебиеттерді қайта қарауға мәжбүр болған.

– Сарапшылар қатысушылардың жұмысын жан-жақты талдап, қателіктерді көрсетті және кәсіби ұсыныстарымен бөлісті. Бұл жаңа тәжірибе жинақтауға жақсы мүмкіндік болды, – деп атап өтті маман.

Байқауға әртүрлі өңірлердегі энергетикалық кәсіпорындардың өкілдері қатысқан. Бағдарлама аясында мамандар тәжірибе алмасып, заманауи жабдықтарды пайдалану ерекшеліктерін талқылап, әріптестерінің жұмыс тәжірибесімен танысты.