Павлодарлық мамандандырылған ХҚКО-ларда жемқорлықтың салдары ескертілді
Түсіндіру жұмыстарын Антикор қызметкерлері жүргізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша мемлекеттік корпорация филиалының қызметкерлеріне мемлекеттік қызмет көрсету кезінде пара алудың салдары туралы еске салынды. Тікелей жүктелген міндеттерден ауытқу түрмеге түсу қаупін төндіреді.
Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында 2024 жылға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік корпорацияның іс-шаралар жоспары шеңберінде кездесу өтті. Оған сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет превенция басқармасының өңірлік басшысы, қауіпсіздік жөніндегі уәкіл, сондай-ақ филиал директорының орынбасары қатысты.
– Жеке пайда алу мақсатында функционалдық міндеттерді жүзеге асыру кезеңінде жасалатын, бірақ қызмет мүдделеріне қайшы келетін барлық заңсыз әрекет сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық ретінде бағаланатын болады, – деп атап өтті Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің превенция басқармасы басшысы Мереке Әбдірахманов.
Оның айтуынша, белгілі бір дәлелдер болған жағдайда заң бұзушының жеке басын анықтау және оның қылмысқа қатыстылығын дәлелдеу қиын болмайды. Барлық әрекеттер нақты бақыланады және жазылады.
Сондай-ақ, қауіпсіздік жөніндегі уәкіл Ерлан Темірәлиновтің сөзінше, өз міндеттерін лауазымдық нұсқаулықтар бойынша қатаң орындау және азғырулар мен арандатуларға бой алдырмау маңызды, өйткені екі тарап үшін де салдары өте өкінішті болуы мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік қызмет көрсету кезінде сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанады. Егер көрсетілетін қызметті алушы заңды бұзушылықтың куәгері болған жағдайда 1414 нөміріне қоңырау шалуға болады.