Павлодарлық мектеп оқушылары қазақ тілінен жарысты

Павлодарлық мектеп оқушылары қазақ тілінен жарысты
Фото: автор

Үздіктері облыстық байқауға жолдама алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Достық үйінде Қ. Б. Даржұман атындағы Ұлттық жаңғыру мектебінің ұйымдастыруымен республикалық «Мың бала» байқауының қалалық іріктеу кезеңі өтті. Конкурсқа Павлодар қаласының 14 мектебінен мемлекеттік тілді жетік меңгерген дарынды оқушылар қатысты.

Қазылар алқасына ақын, журналист Серік Тоқай, Б. Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің оқытушысы Меруерт Қоржұмбаева, №17 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ақбөкен Иманғазинова енді. Жюри мүшесі әрі Қ. Б. Даржұман атындағы Ұлттық жаңғыру мектебі директорының міндетін атқарушы Естай Рысбек байқау қатысушыларына сәттілік тіледі.

– «Мың бала» – бұл республикалық конкурс. Сол себепті сіздерге осындай ауқымды шараға қатысып, Павлодар намысын қорғау мүмкіндігі туып тұр. Бүгін жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар ғана жеңіске жетсін. Қазақ тілін білу арқылы Жаңа Қазақстанның жарқын жұлдыз атануларыңызға тілектеспін, – деді Естай Рысбек.

Байқау шарттары бойынша мектеп оқушылардың тілдерінің көркемдігі, тіл байлығы, Қазақстан тарихы, қазақтың салт-дәстүрлері білу деңгейі бағаланды. Нәтижесінде №14 мектеп оқушысы Усман Росляков бас жүлдені ұтып алды. №22 мектеп өкілі Идалия Насырова мен №40 мектеп оқушысы Дина Шнайдер екінші орынға ие болды.