Павлодарлық оқушы Бразилияда ғарышты игерудегі тың қадамдардын ұсынды

Ярослава Кравчук Бразилияда өтіп жатқан Халықаралық Менделеев олимпиадасына қатысуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
5-13 мамыр аралығында Бразилияның Белу-Оризонти қаласында химия пәні бойынша оқушылар арасындағы 59-шы Халықаралық Менделеев олимпиадасы өтуде.
Биыл бұл беделді додаға әлемнің 40 елінен үздік оқушылар қатысып жатыр.
Еліміздің намысын 2024–2025 оқу жылындағы республикалық химия олимпиадасының 11 жеңімпазы қорғауда. Олардың ішінде жерлесіміз №8 мектеп-лицейінің оқушысы Кравчук Ярослава да бақ сынауда.
– Физика-математика бағыты бойынша білім алып жатқан Ярослава 6-шы сыныптан бері химия пәнінен олимпиадалық дайындық тобына тұрақты қатысып келеді, – дейді мектептің директоры Гаухар Бабыкова.
Оның айтуынша, Кравчук физика, химия және математика ғылымдарын тоғыстыра отырып, «Ғарыш кеңістігінде тіршілік етуге арналған станциялар мен құрылғыларды жұмыс істетуге қажетті сутекті отынды тікелей ғарышта өндіре алатын арнайы аппарат жасау» атты бірегей ғылыми жоба ұсынған.
Айта кетейік, Халықаралық Менделеев олимпиадасының ұйымдастырушылары химия ғылымын кеңінен насихаттау және дарынды жастарды ғылымға тарту мақсатында түрлі жастағы химиктерден құралған халықаралық бірлестік құруды жоспарлап отыр. Бұл бастама әлемде химия білімін дамытуға, мектеп оқушыларының химияға деген қызығушылығын арттыруға және жоғары оқу орындарындағы химия факультеті студенттерінің ғылыми мансабына қолдау көрсетуге бағытталмақ.
Олимпиада қазылар алқасының төрағасы жаңа бірлестіктің құрылуы қатысушы мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты арттырып, конференциялар, семинарлар мен воркшоптар арқылы тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Олимпиаданың қорытындысы 12 мамырда жарияланады. Сол күні жеңімпаздармен қатар академик Валерий Лунин атындағы арнайы сыйлық иегерлері де белгілі болады.