Павлодарлық оқушы көру қабілеті төмен жандарға «ақылды көзілдірік» жасап шығарды
Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Жанкелді Дәрменовтің жобасы еліміздегі үздік әлеуметтік IT-бастамалардың бірі атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оқушы «ITMLab 2.0» жобасында бастаманы жүзеге асырудағы белсенді еңбегі үшін 600 мың теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды.
Алматы қаласында өткен байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 100-ден астам жас өнертапқыш қатысты.
Жанкелді физика пәні мұғалімі Әсел Кәрібжанованың жетекшілігімен көру қабілеті төмен адамдарға арналған жасанды интеллект көмегі бар «ақылды көзілдірік» жасап шығарды.
– Бұл инновациялық жүйе пайдаланушылардың қозғалысын жеңілдетіп, қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін арттыруға бағытталған. Жоба дәстүрлі ақ таяқшаның шектеулерін еңсеруге мүмкіндік береді, себебі таяқша тек бір бағыттағы кедергілерді анықтайды және белден жоғары нысандарды сезе алмайды, – дейді жоба авторы Жанкелді Дәрменов.
Құрылғының ғылыми жаңалығы – сенсорлық біріктіру (Sensor Fusion) технологиясын қолдануында. Жүйе екі ультрадыбыстық датчик (0,2–1,0 метр аралығында) пен компьютерлік көру функциясы бар камераны біріктіріп, қашықтықты дәл анықтайды. Камера арқылы анықталған нысандарды жасанды интеллект өңдеп, олардың түрін ажыратады – мысалы, баспалдақ пен бағанды немесе құбырды айыра алады.
«Ақылды көзілдірік» арнайы мобильді қосымшамен біріктірілген. Қолданушы дауыстық басқару, GPS навигациясы, оңтайлы бағыт құру, сондай-ақ маңындағы мәтіндер мен маңдайшаларды оқу мүмкіндігін пайдалана алады.
«ITMLab» жобасы ITeachMe қорының бастамасымен, Chevron компаниясының Еуразиялық бөлімшесімен серіктестікте және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
Байқаудың басты мақсаты – мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған инновациялық IT-шешімдер мен реабилитациялық құралдарды дамыту.