Павлодарлық оқушылар тіл көкжиегін қайда кеңейте алады?

Ұлттық жаңғыру мектебіндегі татар-башқұрт бөлімшесі ана тілін дәріптеп келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қанат Даржұманов атындағы ұлттық жаңғыру мектебінің татар-башқұрт бөлімшесінде балалар өз халқының ана тілін, тарихын және мәдениетін үйреніп, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіреді.
– Біздің қорымызда өте көп кітап бар. Ең алдымен, бірінші сыныптан 10-шы сыныпқа дейінгі татар тілі бойынша оқулықтар бар. Олар әр жылдары шыққан, мазмұны мен құрылымы да түрліше. Сондай-ақ тарихқа арналған еңбектер, сөздіктер, көркем әдебиеттер де бар. Бұл кітаптардың басым бөлігі – Казань қаласындағы бүкіл дүниежүзілік татарлар конгресінің сыйлығы. Біз ол жаққа барған сайын жаңа кітаптар алып келеміз. Осылайша жылдар бойы қорымыз молайды, – дейді татар тілі пәнінің мұғалімі Ринат Зайнутдинов.
Оның айтуынша, бұл кітаптар тек мұражай үшін емес, тікелей оқу үдерісінде қолданылады. Балалар олармен жұмыс істеп, ана тілін үйреніп қана қоймай, татар халқының әдебиетімен және рухани мұрасымен танысады.
– Біздің мектеп мемлекеттік білім ордасы. Татар-башқұрт бөлімшесі Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында жұмыс істейді. Балалар өздерінің негізгі мектептерінде оқиды, ал осында аптасына екі рет келіп, өз халқының тілін үйренеді. Сонымен қатар біз дәстүрлер, салт-ғұрыптар, тарих және әдебиет сабақтарын өткіземіз. Бұл баланың өз ұлтын тануға бағытталған қосымша білім беру жүйесі, – дейді татар-башқұрт бөлімшесінің меңгерушісі Роза Нұриева.
Оның сөзінше, биылғы оқу жылында он шақты оқушы қатысып жүр, бірақ жыл сайын балалар саны артып келеді. Дегенмен де қазіргі таңда қабылдау жүріп жатыр.
– Біз тек татар тілін ғана емес, қазақ және орыс тілдерімен байланыстыра отырып оқытамыз. Қазақ пен татар тілдері өте жақын. Сондықтан мен әрқашан балаларға қазақ тілін жақсы меңгеріңдер деп айтып отырамын. Қазақ тілін білсеңдер, татар тілін түсіну де, сөйлеу де жеңіл болады. Бұл әдіс өз нәтижесін беріп жүр, – дейді Роза Нұриевна.
Оқушылар арасында тек татар отбасыларынан шыққан балалар ғана емес, аралас отбасылардың балалары да бар. Тіпті кейбірі татар тілін алғаш рет дәл осы курстарда үйреніп жүр.
– Аралас отбасылардан шыққан балалардың тілге деген қызығушылығы ерекше. Олар өз тамырын, өз ата-бабасының мәдениетін тануға ұмтылады. Мұндай сабақтар олардың рухани дамуына да үлкен әсер етеді, – дейді ұстаз.
Ұстаздың сөзінше, мектептің мақсаты тек тіл үйрету емес, сонымен қатар ұлттық тәрбиені қалыптастыру. Мұнда балалар тек грамматиканы ғана емес, өз халқының салт-дәстүрлерін, тарихын, мәдениетін танып біледі. Сабақтарда ұлттық әндер айтылады, мақал-мәтелдер үйретіледі, мерекелерде татар халқының ұлттық ойындары мен тағамдары таныстырылады.
– Біз балаларға тек тіл емес, ұлттық рух сыйлағымыз келеді. Ана тілін білген бала өз халқын, өз тарихын сыйлайтын тұлға. Сондықтан біздің мақсатымыз ұлттық бірегейлікті сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу, – дейді Ринат Зайнутдинов.
Павлодардағы ұлттық жаңғыру мектебі мен оның татар-башқұрт бөлімшесі елдегі этностардың мәдениетін сақтауға бағытталған бірегей бастама. Мұнда әр ұлттың өкілі өз тілін, өз дәстүрін ұмытпай, сонымен қатар қазақстандық патриотизм рухында тәрбиеленеді.