Павлодарлық оқушылар әкелерімен бірге шырша отырғызды
Шыршалар Шығыс Қазақстан облысындағы Катон-Қарағайдан арнайы сатып алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Білім инновация лицейі оқушыларының әкелері екі-екі жарым метрлік 33 түп шыршаны Шығыс Қазақстан облысындағы Катон Қарағайдан арнайы алдырған. Мектеп аумағына ағаштарды отырғызу үшін керек техникаларды жалдап, балаларымен бірге өз қолдарымен отырғызды.
- Бұл лицейде менің екі егіз балам оқиды, - дейді лицейдің «Әкелер» кеңесінің төрағасы Бағустар Жанғозин. Осындай шаралар балаларға дұрыс жол көрсетеді деп ойлаймыз. Мұның бәрі бірліктің арқасында. Отырғызған көшеттерімізді балалар жазғы демалысқа шыққан кезде кезектесіп келіп суарып, күтіп отыратын болады. Бұл мақсатта бір құдық пен сорғы орнаттық. Алда тағы екі-үш құдық орнату жоспарда бар.
Білім ордасының «Әкелер» кеңесінде 120 адам бар. Олар жылдың әр мезгілінде, балаларымен бірге кездесіп волейбол, оқу жылы аяқталып, күн жылынған соң мектеп стадионында футбол ойнауды дәстүрге айналдырған.
- Кездесу соңында балаларымызға ақыл айтып, салиқалы әңгіме құрып, шәй ішеміз. Сондай-ақ, табиғат аясына шығып, тәрбие сағаттарын өткіземіз. Кәсіпкер әкелеріміздің жұмыстарына балаларды апарып, көрсетіп, қызығушылықтарын оятамыз, - дейді Бағустар Жанғозин.
Айта кетерлігі, Білім инновация лицейінде 245 бала білім алады. Биыл мектеп қабырғасымен 46 бала қоштасады. Олардың бесеуі мектепті қызыл аттестатпен аяқтайды.
Лицейдің бейімдік жөніндегі басшының орынбасары Жазия Шахметова биылғы жылы оқушылар өте жақсы нәтиже көрсетіп жатқанын атап өтті. Мысалы, бірнеше күн бұрын Астана қаласында өткен химия-биология бағытындағы олипиадада білім ордасының оқушылары екі алтын, бір күміс жеңіп алған. Сондай-ақ, жақында 11-сынып оқушылары халықаралық байқауда информатика пәнінен үшінші, физика пәнінен екінші орын иеленген.