Павлодарлық оқушылар республикалық «Абайтану» олимпиадасында үздік атанды

Павлодарлық оқушылар республикалық «Абайтану» олимпиадасында үздік атанды

Білім додасында әр өңірден жиналған жүзден астам оқушы бақ сынасты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Алматыдағы Абай атындағы республикалық мамандандарылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатында VІ «Абайтану» олимпиадасы өтті. Ол Абай шығармашылығын зерделеу арқылы оқушылардың зияткерлік және шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Оған облыстық кезеңнің жеңімпаздары атанған қазақ тілінде оқытылатын жалпы білім беретін ұйымдардың 9-11-сынып оқушылары қатысты.

Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназия 9-сынып оқушылары Мұнара Хуаныш үшінші орын, ал Баян Жетпіс бірінші орынды иеленді. 

– Біз оқу жылы басталған уақыттан бері осы олимпиадаға ұстазымыз Бағда Әділхановамен бірге дайындалып жүрдік. Тиісінше, ұзақ дайындықтан кейін мұғалім мен ата-ананың сенімін ақтау керек болды, – деді Баян Жетпіс. 

Еске сала кетейік, 2022 жылы 5 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназиясына барған болатын.