Павлодарлық оқушылар тәтті тағамдар мен кофе дайындап жарысты
Технологиялық колледжде аспаздық іс және мейрамхана сервисі бойынша байқау өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласы және облыстың жалпы білім беру мектептерінің қатысуымен ұйымдастырылған «Жас skills» байқауының мақсаты – оқушылардың осы мамандықтар бойынша өзін сынап көруіне, тамақтану саласында қызмет ететін адамдардан ақпарат алуына және қалай жұмыс істейтіндерін өз көздерімен куә болуына жағдай жасау.
– Қатысушылар аспаздық іс бойынша капкейк, эклерлер және тәттілердің басқа да бірнеше түрін дайындады, – дейді Павлодар технологиялық колледжі басшысының өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Алмагүл Нұржанова. – Ал мейрамхана сервисі қатысушылары жеміс-жидектерді әдемілеп турап, безендірді. Сондай-ақ, әртүрлі сироптармен дайындалатын сусындар мен кофенің бірнеше түрін жасады.
Байқауға аспаздық іс бойынша – 10 адам, мейрамхана сервисі бойынша алты адам қатысты.
Успен ауданының А. Байтұрсынов атындағы мектептен келген 8-сынып оқушысы Аружан Сүлейменова байқау туралы сынып жетекшісі мен таныстарынан естіген. Ол әзірге болашақ мамандығын таңдап үлгермеген, сондықтан осы жарысқа қатысу туралы шешім қабылдаған.
Ал, №41 мектептің оқушысы Мадияр Омаров аспаздық іске 13 жасынан бастап қызыға бастаған.
–Мен әртүрлі тағамдарды дайындағанды ұнатамын. Үйде де жақындарыма дәмді тамақтар пісіріп беремін. Сондықтан биыл мектепті аяқтағаннан кейін осы колледжге аспаздық іс мамандығы бойынша оқуға түсуді жоспарлап жүрмін, – дейді 9-сынып оқушысы Мадияр.
Сонымен қатар, коллежд басшылығының ұйымдастыруымен мектеп жасына дейінгі балаларға арналған «Babby skills» өңірлік байқауы өтті. Оған «Аналар үйі» қоғамдық қорының бүлдіршіндері қатысты. Балалар пицца, сүт коктейлі сияқты өз жастарына қызықты тағамдарды дайындады.
Байқау соңғы төрт-бес жылда тұрақты түрде жыл сайын өткізіліп тұрады.
Айта кетерлігі, «Жас маман» жобасы аясында технологиялық колледж 2020 жылы 170 миллион теңгеге құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Соның нәтижесінде коллежде тамақтандыруды ұйымдастыру және тамақ өнімдерін өндіру технологиясы мамандығы бойынша сегіз зертхана бар.
Білім беру ордасында жалпы аталмыш мамандықтар бойынша 200-ден астам студент білім алады.