Павлодарлық оқушылар трамвай депосына экскурсия жасады

Олар депоның ішкі жұмысымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
География үйі жанындағы «Джурбай» жас өлкетанушылар клубының оқушыларына трамвай басқармасында танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Бұл бастаманы басқарма төрағасы Мүслім Махмұдов қолдады.
Олар трамвайлардың техникалық тексерістен өтуі мен қызмет көрсету үдерісін бақылап, көлік құралдарын жақыннан тамашалады. Сондай-ақ, трамвай басқармасының қызметкерлерімен тілдесіп, олардың күнделікті қызметі туралы мол мағлұмат алды.
– Біз өз тәжірибемізбен қуана бөлісіп, трамвайларымыздың қалай жұмыс істейтінін, жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қалай қамтамасыз ететінімізді көрсеттік, – дейді трамвай қызметкерлері.
Экскурсия соңында басқарма өкілдері клуб мүшелеріне қызығушылықтары үшін алғыс білдіріп, жарқын жазғы демалыс тіледі. Мұндай іс-шаралар балалардың көлік саласына деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, қаланың инфрақұрылымы туралы түсінігін кеңейтуге мүмкіндік береді.