Павлодарлық оқушылар жаһандық білім додаларында топ жарып жүр

Павлодарлық оқушылар жаһандық білім додаларында топ жарып жүр
Фото: Константин Шелков

Жеткіншіктер республикалық олимпиадаларын да бірнеше дүркін жүлдегері атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық білім беру басқармасы «Ертіс дарыны»  қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының мәліметінше, 2024–2025 оқу жылында облыс оқушылары халықаралық және республикалық олимпиадаларда, сондай-ақ түрлі зияткерлік іс-шараларда 329 медаль жеңіп алды. Оның 50-і - халықаралық, 279-ы - республикалық деңгейдегі марапаттар. Биылғы оқу жылы басталғалы күнге дейін облыс оқушылары 204 медаль иеленді. Оның 31-і - халықаралық, 173-і - республикалық деңгейдегі медаль.

Павлодар облысының олимпиадалық құрамасы 20 жылдан астам уақыт бойы республикалық жалпы білім беретін пәндер олимпиадасының қорытындысы бойынша «Қазақстан Республикасының үздік олимпиадалық командасы» атанып келеді. Биыл Павлодар облысының құрама командасы бас жүлдені - Гран-при иеленді. Олимпиада қатысушылары арасында лицей оқушылары көш басында.Білім ордасының шәкірттері математика, физика, химия пәндері бойынша әлемдік деңгейдегі білім жарыстарында алтын, күміс және қола медаль иеленуде.

№8 дарынды балаларға арналған мектеп-лицейінің оқушылары республикалық және халықаралық олимпиадаларда үздік нәтиже көрсетіп келеді. Мектеп-лицей директоры Гаухар Бабыкованың айтуынша, білім ордасында дарынды балалармен жұмыс істеудің жүйелі моделі қалыптасқан.

- Дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептер - еліміздің білім беру жүйесіндегі жетекші буын. Біз басты мақсатқа, яғни мемлекетіміздің интеллектуалдық элитасын қалыптастыруға бағытталамыз. Олимпиадалық дайындық - бірнеше өзара байланысты бағыттан тұратын күрделі процесс болып табылады. Әр оқушыға жеке білім беру бағыты жасалып, қабілеті анықталғаннан кейін арнайы интеллектуалдық жолдар құрылады, - деді ол.

Лицейде математика, физика, химия, информатика және гуманитарлық пәндер тереңдетіліп оқытылады. Оқу жоспарына вариативті, элективті және авторлық курстар енгізілген. Бұл оқушылардың зерттеушілік ойлауын дамытып, күрделі олимпиадалық тапсырмаларды шешуге бейімдейді.

Математика пәнінің мұғалімі Лилия Стадникованың сөзінше, олимпиадаға дайындық ерте жастан басталады.

- Олимпиадаға дайындық - бір күннің немесе бір жарыстың жұмысы емес, бұл - жүйелі еңбек. 5-6 сыныптан бастап дарынды балалар анықталып, 7-8 сыныптан бастап нақты нәтижелер көріне бастайды. Кейін әр оқушыға жеке бағдарлама жасалады, - деді математикa пәнінің мұғалімі.

Оның айтуынша, Павлодар облысы соңғы бес жыл қатарынан Еуропалық қыздар математикалық олимпиадасына қатысып келеді. Өңір оқушылары әлемдік математикалық олимпиадаларда да жоғары нәтиже көрсеткен.

Физика пәнінің мұғалімі Анатолий Белида 35 жылдық еңбек жолында ондаған жеңімпаз дайындағанын айтады.

- Менің шәкірттерім халықаралық физика олимпиадасында 11 медаль жеңіп алды. Оның ішінде алтын, күміс, қола медальдар бар. Ең көп еңбек еткен адам жеңеді. Сондықтан үнемі дамып, еңбек ету керек, - деді физика пәнінің тәлімгері.

Лицейдің 11-сынып оқушысы Юлия Катунина биыл Францияда өткен Еуропалық қыздар математикалық олимпиадасында күміс медаль жеңіп алған.

- Соңғы бір жылда Еуропалық математикалық олимпиаданың күміс жүлдегері, республикалық олимпиаданың күміс жүлдегері, сондай-ақ «Жібек жолы» және Азия-Тынық мұхиты математикалық олимпиадаларының қола жүлдегері атандым. Олимпиадник пен қарапайым оқушының айырмашылығы - өмірің бір пәннің айналасында құрылады, - деді оқушы.

Оның сөзінше, олимпиадаға қатысатын оқушылар мектепте кешкі уақытқа дейін қалып, қосымша дайындалады. Кейде күйіп кету де болады. Бірақ пәнге деген махаббат қайта алға жетелейді.

11-сынып оқушысы Дария Бектұрсын да халықаралық деңгейде ел намысын қорғап жүрген дарынды шәкірттердің бірі.

- Жалпы 11 медаль иелендім. Ең маңызды медальдерімнің бірі Таиландта өткен химия, биология және физика пәндерін қамтитын олимпиададан. Ал тағы бір маңызды жүлдені Әзербайжанда өткен халықаралық олимпиададан алдым. Егер мақсат пен ниет болса, кез келген кедергіні жеңуге болады, - деді ол.

Дарияның айтуынша, химия олимпиадалары бірнеше кезеңнен тұрады. Теориялық және практикалық турларда қатысушылар университет деңгейіндегі күрделі тапсырмаларды орындайды.

Бүгінде №8 мектеп-лицейі Қазақстандағы үздік білім ордаларының қатарында. Биыл оқу орнының 10 оқушысы республикалық олимпиаданың жүлдегері атанды. Ал лицей түлектері мен оқушылары әлемнің жетекші университеттеріне түсуге мүмкіндік алып отыр.

Еске сала кетейік, жуырда ғана Павлодар облысының олимпиадалық құрамасы республикалық жалпы білім беретін пәндер олимпиадасында топ жарып, еліміздегі «Үздік олимпиадалық команда» атағын тағы бір мәрте растаған болатын. Бұл жолы өңір құрамасы бас жүлде — Гран-приді иеленді.

Фото: ұйымдастырушыдан