Павлодарлық партиялықтар «қауіпті» құрылыстарды қарастырды

«AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестер мен әйелдер қанатының бірлескен отырысы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Алдымен партиялықтар партияның сайлауалды бағдарламасы Жол картасының іс-шараларын жүзеге асыру бойынша жауапты мемлекеттік органдардың ақпаратын тыңдады. Мәселен, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Асқар Ажмұраттың айтуынша, білім беру саласында проблема жоқ: облыста бес мектеп салынып жатыр, оның үшеуі Павлодарда.
– Денсаулық сақтау нысандарына қатысты: төрт нысанның құрылысын мамырда, тағы екеуін маусымда аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Осы алты нысанның ішінде ең қауіптісі Мыңкөл ауылында орналасқан. Жұмыс өткен аптада ғана басталды. Соған сәйкес жұмылдыру жұмыстарын ұйымдастырып, маусым айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, - деді Асқар Әжмұрат.
Тағы бір «қауіпті» нысан – бірінші қалалық аурухананың «В» және «Д» корпустары. Бастапқыда барлық жұмыстарды 1 маусымға дейін аяқтау жоспарланған болатын, бірақ республикалық бюджеттен қаржы әлі түспеген, бұл шамамен 3,5 млрд теңге. Жұмыс тоқтап қалмас үшін құрылыс жұмыстары облыстық бюджеттен қаржыландырылуда. Сондықтан жобаны аяқтау мерзімі 2025 жылдың тамыз-қыркүйек айларына шегеріледі.
Сондай-ақ, Луганск, Қоңырөзек ауылдарында, Әлкей Марғұлан атындағы медициналық пункттер, Мәмәйіт Омаров атындағы ауылындағы дәрігерлік амбулатория құрылысы бойынша да сауалдар бар. Партия мүшелері денсаулық сақтау басқармасын партияның Жол картасын жүзеге асыруға белсене атсалысуға шақырды.
Сонымен қатар, кеңес мүшелері мемлекеттік органдардан өкілдік берілген қатысушылардың құзыреттілік деңгейіне наразы болды. Мәселен, әйелдер қанатының мүшесі, «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық ұйымының төрайымы Бақытжамал Максилова «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы әйелдер қанаты кеңесінің отырыстарын бөлім басшылары елемейтінін айтты.
Партия мүшелері бұдан былай мемлекеттік органдардың ақпаратын мекеме басшылары немесе құзыретті өкілдерінсіз қабылдамауды ұйғарды.