Павлодарлық педагогтар дайындаған жаңа «Қазақ тілі» оқулығы сараптамадан өтті

Павлодарлық педагогтар дайындаған  жаңа «Қазақ тілі» оқулығы сараптамадан өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыс ұстаздары қатысқан авторлар ұжымы 9-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» (Т1) жаңа оқулық кешенін әзірледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі 

«Алматы кітап» баспасымен бірлесіп дайындалған басылым үшінші пәндік сараптамадан сәтті өтті.

Жаңа оқулық – білім беру мазмұнын жаңарту бағытындағы кешенді ізденістің нәтижесі. Оны әзірлеуге ғылым мен практиканы ұштастырған білікті мамандар тартылған. Авторлар қатарында Торайғыров университеті профессоры Айман Зейнулина және Павлодар облысының Железин, Баянауыл аудандарындағы тәжірибелі педагогтар бар.

Айта кетейік, авторлар ұжымы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Педагогикалық ғылымдар академиясының 80 сағаттық арнайы курсынан өтіп, заманауи әдіснаманы меңгерген.

Оқулық бірнеше бағытты қамтиды: PISA талаптарына сай функционалдық сауаттылықты дамыту, цифрлық мәдениет, жасанды интеллектпен жұмыс істеу әдебі және ақпараттық гигиена. Сонымен қатар электрондық нұсқасы аудио-видео материалдармен толықтырылған.

– Жаңа оқулық – уақыт талабына берілген лайықты жауап. Біздің басты мақсатымыз – оқушыны тек дайын білімді игеруші емес, терең ойлайтын, талдау жасай алатын және цифрлық кеңістікте саналы әрекет ететін тұлға ретінде қалыптастыру. Бұл еңбек – ұстаздық ізденістің, жоғары жауапкершілік пен болашаққа деген нық сенімнің жемісі, – дейді авторлардың бірі, Баянауыл ауданы, М.Әуезов атындағы мектептің мұғалімі, педагог-зерттеуші Айгерім Шоқаева.

Осылайша, павлодарлық педагогтардың еңбегі республика мектептеріне арналған заманауи оқулық әзірлеуге елеулі үлес қосып отыр.

Фото: оқулық авторларынан