Павлодарлық полицей Senat Open турнирінде алтын жүлде жеңіп алды
Турнирдің финалдық кезеңі Астанада өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Республикалық Senat Open шахмат турнирінің финалында Павлодар облысы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының аға инспекторы, полиция капитаны Арман Әубәкіров күштік құрылымдар өкілдері арасында жеңімпаз атанды.
Турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен келген әуесқой шахматшылар қатысып, зияткерлік шеберлік пен стратегиялық ойлау қабілетін сынға салды.
– Шахмат мені әрдайым өзіне тартып келеді. Өйткені бұл ойында шеберлікпен қатар, сабыр сақтай білу, әрекеттеріңді бірнеше қадам алға жоспарлау және қарсыласыңа құрмет көрсету маңызды. Бұл жеңіс мені жаңа жетістіктерге жетуге және өзімді одан әрі жетілдіруге жігерлендіреді, – деді Арман Әубәкіров.
Ведомствода атап өткендей, бұл жеңіс тәртіп сақшысының кәсібилігі мен мақсаткерлігін, сондай-ақ жауапты шешім қабылдай білу қабілетін көрсетті. Павлодарлық полицейдің жетістігі облыс полициясы ұжымы үшін үлкен мақтанышқа айналды.