Павлодарлық психолог: Эмоционалды күйзеліс оқу жылының соңында пайда болады
Жастар бастамасын қолдау орталығында жас мамандарға психологиялық тренинг өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жобаның басты мақсаты – педагогикалық ұжымдарда психоэмоционалды күйзелісті жою арқылы эмоционалды күйзеліс синдромының алдын алу.
– Бұл ұстаздар мен тәрбиешілерге арналған тренинг. Әрине, балалармен жұмыс істеу оңай емес. Жұмыс барысында мамандарда эмоционалды күйзеліс синдромы пайда болуы мүмкін. Осыған орай арнайы психолог шақырып, тренинг өткізудеміз. Мұндай жиындар мен тренингтер орталықта жиі өткізіледі, – дейді жастармен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Жандарбек Қабдраш.
Психолог-сарапшы Жанар Капенова соңғы он жылдықта психикалық денсаулықты сақтау мәселесіне ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті. Мұндай проблемалардың бірі – эмоционалды күйзеліс. «Эмоционалды күйзеліс» деген – созылмалы күйзеліс фонында дамитын және жағымсыз эмоциялардың ішке жинақталуының нәтижесінде адамның эмоционалды-энергетикалық және жеке ресурстарының сарқылуына әкелетін синдром.
– Бүгін шағын шеберлік сағатын өткіздім. Қоғамда адамдармен, оның ішінде балалармен жұмыс істейін мамандарға психологиялық біліктілік қажет болатыны сөзсіз. Көбінесе эмоционалды күйзеліс оқу жылының соңында пайда болады, – дейді сарапшы Жанар Капенова.
Шара барысында сарапшы эмоционалды күйзелістің алдын алу шаралары жайлы түсіндіріп, медитация шарасын өткізді.