Павлодарлық сарапшы: мүшел жас келгенде киім сыйлау дәстүрі бүгін де сақталған
Әр кезең өмірдегі өзгеріс пен сынақ уақыты ретінде қабылданады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақ халқы үшін бұл – жай күнтізбелік есеп емес, халықтың дәстүрлі дүниетанымында мәнге ие болған символдық өткел. Жас 12 жылдық циклдармен – мүшел жас арқылы есептеледі.
Мәдениеттанушы, Торайғыров университетінің PhD докторы, профессор Салтанат Әубәкірова қазақ халқында ұлттық киімнің ерекше маңызы болғанын айтады. Киім сән үшін емес, адамның жасын, әлеуметтік мәртебесін және басқа да қырларын анықтауға мүмкіндік береді. Ұлттық киім халықтың дүниетанымын ашатын мәдени код ретінде қызмет етеді.
- 12 жылдық мүшел жас кезеңдері адамның өміріндегі маңызды белестер ретінде қабылданады. Әр жолы мүшел жас келгенде ол өткелдік әрі сынақ кезеңі саналады. Алғашқы мүшел 13 жаста, кейін 25, 37, 49, 61 және әрі қарай жалғасады. Мұндай жылдары адам дәстүрлі түсінік бойынша жаңа рухани және әлеуметтік деңгейге көтеріледі, – дейді мәдениеттанушы.
Бұл кезеңдерге байланысты дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар қалыптасқан. Қазақтар оған ерекше мән беріп, адамды көз тию мен жаман ойдан қорғау қажет деп сенген. Ол үшін садақа беріп, мүшел жасты атап өткен.
Бүгінге дейін жеткен тағы бір дәстүр – ескі киімді сыйға беру және киім-кешекті жаңарту осы күні де өзектілігін жоғалтпаған.
– Қазір жаңа ұлттық киім сыйлау дәстүрі дамып келеді. Мүшел жас пен киім арасында терең байланыс бар: ата-бабаларымыз әр жас кезеңіне арнайы киім таңдаған. Жас қыздар мен жігіттер ақшыл түсті киім киген, ол тазалық пен сергектікті білдірген. Ересектер күрделі өрнектері бар киімдерді таңдаған, ол даналық пен сабырды бейнелеген», – дейді Салтанат Әубәкірова.
Мүшел жас келгенде адамға жаңа шапан немесе камзол, ал қыздарға бас киім сыйлаған. Мұндай тарту жаңа өмір кезеңіне өтудің, жаңарудың және рухани өсу белгісі болған.
Бұл дәстүр адамның жас ерекшеліктері мен әлеуметтік мәртебесін ғана емес, ұрпақтар сабақтастығын да нығайтқан. Ұлттық киім арқылы халықтың дүниетанымы, эстетикалық талғамы және тәрбиелік құндылықтары жеткізілген.
Бүгінде Наурызнама аясында Ұлттық киім күні мен көктемгі күн мен түннің теңелуін атап өту тарихи мұраны қайта жаңғыртудың және жастардың ұлттық санасын қалыптастырудың маңызды тәсіліне айналды.
Мүшел жас пен ұлттық киім – қазақ халқының өмір философиясы мен дүниетанымын білдіретін басты мәдени кодтар. Олардың Наурыздағы насихатталуы ұлттық бірегейлікті сақтаудың және оны болашақ ұрпаққа жеткізудің айқын дәлелі.