Павлодарлық спортшы таэквондодан Қазақстан кубогының жүлдегері атанды

Павлодарлық спортшы таэквондодан Қазақстан кубогының жүлдегері атанды
Фото: Марғұлан университеті

Ол бұған дейін де Қазақстанның екі дүркін чемпионы болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Марғұлан университетінің 1-курс студенті Алина Самбуева Семей қаласында таэквондо ITF бойынша ересектер мен жастар арасында өткен Қазақстан кубогында күміс жүлдеге қол жеткізді. Байрақты бәсекеге еліміздің барлық өңірінен мықты спортшылар қатысты.

Алина 16 мен 17 жас аралығындағы 52 келіге дейінгі категорияда өнер көрсетті. Алғашқы спаррингте ол қарағандылық спортшыны ұтты. Жекпе-жек өте қиын болды, бірақ спарринг соңында Алина жеңісті жұлып алды. Екібастұздық қызбен келесі белдесу де сәтті өтті. Бірақ финалда Алина теміртаулық спортшыға есе жіберген. 

- Барлық қатысушылар жоғары деңгейде дайындалып, жақсы формада қарсыласа білді. Менде жарыс алдында екі ай үзіліс болғандықтан, біраз қиын болды. Жаттығусыз жарысқа қатысу оңай болмады, - дейді Алина.

Алина Самбуева 8 жасынан таэквондомен айналысады. Ол - Екібастұз қаласындағы «Shakil Team» спорт клубының шәкірті. Оны Павлодар облыстық ITF таэквондо федерациясының президенті, халықаралық нұсқаушы Азамат Бекболатұлы Шакилов дайындайды.

Алина – спорт шеберіне үміткер.  2012 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2017 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2023 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионатының қола жүлдегері, Қазақстанның екі дүркін чемпионы.