Павлодарлық спортшылар – Азияның абсолютті чемпионы

Павлодарлық спортшылар – Азияның абсолютті чемпионы
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Дүбірлі дода Өзбекстанның Ташкент қаласында өтті,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының спортшылары Өзбекстанның Ташкент қаласында таеквондодан ICTF Азия чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеге Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Грузия елдерінің спортшылары қатысты.

Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен Павлодар облысының спортшылары «Массоги» және «Туль» бағыттары бойынша жүлделі орындарға ие болып, ел мерейін асқақтатты.

Мәселен, 8–9 жас аралығындағы балалар арасында Лейла Демеуова «Массоги» бағытында және «Туль» бойынша топ жарып, екі бағытта да алтыннан алқа тақса, Ибрахим Хайхороев – «Массоги» бойынша І орын, «Туль» бойынша ІІ орынды еншіледі.

Ал 10–11 жас аралығындағы кіші жасөспірімдер арасында Аңсар Алдамжар мен Тамерлан Төлеген қос аталымда да үздік атанып, жеңіс тұғырынан көрінді.  

12–13 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында да жерлестеріміз үздіктер қатарынан көріне білді. Ангелина Гусаченко «Массоги» және «Туль» бойынша І орынды қанжығаласа, Даяна Мансұр– «Массогиден» күміс, «Туль» бойынша алтын медальға қол жеткізсе, Альбина Кольб – «Массоги» бойынша алтын, «Туль» бойынша күміс медаль иегері атанды. Нұрислам Мустафин – «Массогиде» І орын, «Туль» бойынша ІІ орынды қанжығалады.

Сонымен қатар, 14–17 жас аралығындағы жастар арасында Әмірхан Мұрат – «Массоги» бойынша І орын, «Туль» бойынша ІІ орынды иеленді. Ал Жан Шингажинов қос аталымда қоладан алқа қатса, Фатима Жетпис – «Массоги» бойынша ІІІ орынға, «Туль» бойынша ІІ орынға тұрақтады.

Дүбірлі додада екі бағыт бойынша да І орын иеленген  Лейла Демеуова, Аңсар Алдамжар,Тамерлан Төлеген, Ангелина Гусаченко Азияның абсолютті чемпионы атанды. Олардың жаттықтырушысы – Артём Граблёв.

Жас спортшылардың халықаралық аренада көрсеткен бұл жетістігі – жүйелі дайындықтың, табанды еңбектің және жаттықтырушылар мен ата-аналардың қолдауының нәтижесі.