Павлодарлық студент Абайды жастар тілімен сөйлетті

Павлодарлық студент Абайды жастар тілімен сөйлетті
Фото: Дариға Жүсіп

Марғұлан университетінің магистранты Аян Дәулетияров жастардың көшбасшылық қабілетін дамыту мен рухани әлеуетін арттыру бағытында белсенді жұмыс істеп жүр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ол – университет қабырғасындағы «Шамшырақ» көшбасшылар академиясының үйлестірушісі әрі «AbaiTalks» атты авторлық жобаның жетекшісі.

Оның айтуынша, «AbaiTalks» жобасы Абай Құнанбайұлының толық адам концепциясына негізделіп, жастардың тұлғалық және рухани дамуын көздейді. Команданың басты мақсаты – ұлы ойшылдың терең идеяларын қазіргі буынға түсінікті тілде жеткізу.

– Абайдың тілін екінің бірі бірден түсіне бермейді. Біз оның ойларын жастарға жақын форматта – подкасттар, вебинарлар мен ашық кездесулер арқылы талқылаймыз. Осы арқылы ұлы тұлғаның мұрасын жаңа буынға жақындатқымыз келеді, – деді магистрант.

Ағымдағы жылы қалалық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен Аян Дәулетияров 500 мың теңге көлеміндегі шағын грант ұтып алып, «AbaiTalks: Ертіс жастары үн қосады» жобасын жүзеге асырған. Оның аясында қаланың орталық жағажайында және мәдени алаңдарда түрлі ойындар, семинарлар мен подкасттар ұйымдастырылып, оған студенттермен қатар қала тұрғындары мен мектеп оқушылары да қатысқан.

– Бұл жобаның ең басты мақсаты – Абайдың 180 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өту және ұлы ойшылдың идеясын жастар арасында кеңінен насихаттау, – деді жоба авторы.

Ал «Шамшырақ» көшбасшылар академиясы Марғұлан университетінде екі жыл бұрын құрылған. Академия студенттердің көшбасшылық әлеуетін ашып, soft skills, hard skills және техникалық дағдыларын дамытуға бағытталған. Мұнда тұрақты түрде тренингтер, семинарлар, тимбилдингтер мен өзін-өзі дамыту курстары өткізіледі.

– Әр студент өз саласында белсенді болып, қоғамға үлес қоса алатынын түсінсе дейміз. Біздің мақсат – олардың бойындағы көшбасшылық қасиеттерді ашу, – дейді ол.

Қазір Аян мен оның командасы медиа бағытқа ерекше көңіл бөліп отыр. Алдағы уақытта олар «Шамшырақ көшбасшылар академиясы» мен «AbaiTalks» жобасын біріктіріп, ірі подкасттар мен мотивациялық семинарлар өткізуді жоспарлап отыр. Жобаға абайтанушылар, педагогтер, тіл мамандары және медиа саласының өкілдері қатыспақ.

– Жастардың өзін-өзі дамытуына және көшбасшылық әлеуетін ашуға үлес қосу – менің өмірлік мақсатым., – дейді Аян Дәулетияров.

Аян алдағы уақытта бұл жобаларды республикалық деңгейге шығарғысы келеді.