Павлодарлық тарихшы: Қапсырма иесінің байлық деңгейін көрсетеді
Қамзол мен шапандардың жарасымды болып көрінуіне әшекейлердің атқарған рөлі жоғары болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қазақ әйелдерінің тағатын әшекей-бұйымдары мол болған. Солардың бірі – қапсырма.
– Ол әйелдің сыртқы киімін, яғни қамзолдың шеттерін бекітті. Екі бөліктен тұратын бекіткіш ілмек тәрізді немесе топсалы түрде қосылады. Әдетте әйелдер бір қапсырма тағып жүретін. Қапсырмалар иесінің байлық деңгейін көрсетеді деп саналды. Сондай-ақ, қапсырмалар белдің жіңішкелігін айшықтаған, – деді облыстық Потанин атындағы тарихи-өлкетану музей қорларының бас сақтаушысы, тарихшы Әлия Жомартова.
Көбелек тәріздес екі жақты қапсырмалар тыйындар, сәндік тастар, және метал бөлшектерден жасалады.
– Жалпақ бекіткіштердің сан алуан түрі кездеседі. Қапсырмаларда көбінесе ортасында балықтың, жапырақшаның, бүршіктің, күннің, құстың, көбелектің, қошқардың мүйіздерінің стильдендірілген бейнесі кездеседі. Оны жасауда зергерлер соғу, құю, штамптау, ою салу сияқты зергерлік әдістер қолданған. Үстіне эмаль жағылып, жылтырлатылады, – деді Әлия Жомартова.
Қапсырманы бойжеткендер де, үлкен жастағы әйелдер тағып жүретін. Айта кетейік, қапсырмалар облыстық Потанин атындағы тарихи-өлкетану мұражайының коллекциясында айтарлықтай маңызды орын алады.
Қазақ мәдениетінің белгілері мен нышандарының қысқаша энциклопедиясында бұл әшекей туралы былай жазылған: «Қапсырманың функционалдығы – әйелдер камзолының шеттерін бел аймағында бекіту, қапсыру кіндік аймағының деңгейіне сәйкес келді. Костюмнің бұл бөлшегі тек ою-өрнек және «ілмек» құрылғысы ғана емес, сонымен қатар кіндік аймағын (немесе жалпы іш қуысын) дененің қасиетті бөлігі ретінде қорғады.