Павлодарлық жас IT мамандар жаңа жобаларымен ел назарын аударуда
Павлодар ақпараттық технологиялар колледжінің студенттері мен оқытушылары әзірлеген жобалар білім беру саласына енгізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Колледжде жасалған Uirme бағдарламасы бір жыл ішінде тиімділігін көрсетті. Жоба оқушылардың үйірмелер мен секцияларға қатысуын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Деректердің ашық болуы жалған ақпарат енгізуге жол бермейді.
Жобаны «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығының түлектері Аристид Попандопуло мен Бараат Кахималаев әзірлеген.
Бараат Кахималаевтың айтуынша, қазір жобаға өңірдегі 230-дан астам мектеп пен 30 мыңнан астам оқушы, ата-ана және аудан-қала әкімшілері қосылған.
– Платформаға сұраныс жоғары. Оны белсенді пайдаланып жатыр, мектептер де біртіндеп қосылуда. Қазір жүйе Павлодар облысында толық іске қосылды. Алдағы уақытта оны бүкіл Қазақстанға енгізу жоспарланып отыр. Өзге өңірлер әзірге жобаны қарастырып жатыр, – деді әзірлеуші.
Бұл – жас IT мамандарының алғашқы жобасы емес. Олардың қоржынында стартаптар, сондай-ақ тоғыз хакатон мен халықаралық байқаулардағы жетістіктері бар. Жастар IT жобаларын дамытуға жеті миллион теңгеден астам қаражат ұтып алған.
Олар NASA Space Apps Challenge-2025 халықаралық хакатонының республикалық кезеңінде жеңімпаз атанды. Еліміздің түкпір-түкпірінен қатысқан 350 команданың арасынан GoodBalalar командасы үздік шықты. Оның құрамында үшінші курс студенттері Жапар Жигер, Аристид Попандопуло, Адиль Тулеубаев, Алижан Болат және Бараат Кахималаев болды.
Аристид Попандопулоның айтуынша, хакатондарға қатысу олар үшін өздерін кәсіби ортада танытудың бір жолы.
Байқауда жастар ауаның сапасын бақылау және болжауға арналған веб-қосымша әзірледі. Жобаға NASA-ның ғарыштық, жерүсті және метеорологиялық деректері біріктіріліп, көрсеткіштерді талдайтын және болжам жасайтын жасанды интеллект жүйесі енгізілді.
– Деректерді жүйе жылдам жұмыс істеуі үшін ықшам түрде, векторлар түрінде сақтаймыз. Жасанды интеллект олардың негізінде алдағы 24 сағатқа болжам жасап, бір аптаға арналған өзгеріс динамикасын көрсетеді. Барлығы нақты уақыт режимінде жұмыс істейді. Мысалы, Павлодар картасын басқанда, «Ыстық ауа райына байланысты NO₂ деңгейі 20 пайызға көтеріледі, мектептерге серуендеуді тоқтату ұсынылады» деген ескерту бірден шығады, – деп түсіндірді Аристид.
Жобаның көрнекі бөлігінде NASA GIBS спутниктік карталары мен Plotly графиктері қолданылған. Серверлік бөлігі Flask арқылы жасалған.
Екі жас маман да IT саласындағы оқуын жалғастырады. Бараат Arizona State University жоғары оқу орнына, ал Аристид Астанадағы Coventry британ университетіне «Computer Science» мамандығы бойынша оқуға түсті.
Қазір колледж ұжымы 23 жаңа жобамен жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында студенттерге гранттар мен шәкіртақыларды автоматты түрде іріктейтін Balam платформасы және NASA спутниктік деректері арқылы ауа сапасын бақылайтын NasaAirGuard жүйесі бар. Сонымен қатар білім беру ұйымы директорының орынбасары қызметін атқаратын роботты іске қосу жоспарланып отыр.