Павлодарлық жас көшбасшылар қабілеттерін шыңдады

Павлодарлық жас көшбасшылар қабілеттерін шыңдады
Фото: автор

«Көшбасшыларға арналған жобалық менеджмент» атты тренингке студенттік парламент төрағалары қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жастар бастамаларын дамыту орталығында Жұмысшы мамандықтар жылы мен техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту аясында студент белсенділері үшін ай сайын көшбасшылық қабілеттерді арттыруға бағытталған тренинг ұйымдастырылды.

Тренинг қатысушылардың басқару, стратегиялық жоспарлау, көшбасшылық және белгісіздік жағдайында шешім қабылдау саласындағы негізгі құзыреттерін дамытуға көзделген. Аталмыш іс-шара барысында қатысушылар жобалық менеджменттің стратегиялық жоспарлауы, ресурстарды, тәуекелдерді және команданы басқарудың негізгі аспектілері жайлы мағлұмат алды. 

– Ай сайын біз көшбасшылық бойынша түрлі тренингтер, шеберлік сыныптарын ұйымдастырамыз. Бұл жастардың бойындағы көшбасшылық қасиеттерін дамытуға арналған. Болашақта оларға басқаратын, жобалар ойлап табатын, іс-шара ұйымдастыра алатын кейбір қасиеттерге ие болу үшін көшбасшылық  қабілеттер қажет, – дейді Жастар бастамаларын дамыту орталығының басшысы Нұрбек Қабдраш.

Жобаларға психологтар, PR-менеджерлер сияқты спикерлер шақырылады. Бүгінгі жиынның спикері – PR-менеджер Руфина Тропищева. 

Сондай-ақ, іс-шараға тек колледж президенттері ғана емес, олардың орынбасарлары да қатысты.

Көшбасшылық тренинг қатысушыларға өздеріне деген сенімділікті арттырып, тиімді көшбасшы болуға, қазіргі заманғы бизнес-ортада табысты жұмыс істеу үшін қажетті негізгі дағдылар мен білімді дамытуға көмектеседі. Сонымен қатар, басқарушылық дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, болашақта дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік беретін стратегиялық шешім қабылдауды үйренгісі келетіндерге арналған.

Жыл сайын білім ордаларында жаңа президенттер қайта сайланады. Ұйымдастырушылар аталмыш көшбасшылық тренингтердің ары қарай жалғасатынына сенімді. Мұның бәрі Жұмысшы мамандықтар жылы және техникалық арнайы білім беруді жаңғырту аясында өтуде.