Павлодарлық жас музыканттар Ұлттық Дельфий ойындарында жүлделі орындарға ие болды

Павлодарлық жас музыканттар Ұлттық Дельфий ойындарында жүлделі орындарға ие болды
Фото: білім басқармасынан

Еліміздің әр өңірінен келген жас музыканттар Ұлттық Дельфий ойындарында өнер көрсетіп, өзара шеберліктерін сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатының тәрбиеленушілері мен музыкалық колледж студенттері XVII Республикалық Ұлттық Дельфий ойындарына қатысып, жоғары нәтижелер көрсетті.

Жас орындаушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, кәсіби шеберлігін жетілдіруге және дарынды жастарды қолдауға бағытталған байқаудан музыкалық мектеп-интернатының «Халық аспаптары» бөлімінің тәрбиеленушілері бірнеше жүлдені қанжығасына байлады. 

Мәселен, «Баян-аккордеон» номинациясының 10-12 жас аралығындағы санатында 5 «А» сынып оқушысы Арслан Жаңабай бірінші орынға ие болды. Жас өнерпазды байқауға М.В. Семёнова дайындады.

Осы номинацияның 14-17 жас аралығындағы санатында 8 «А» сынып оқушысы Қалижан Бастами де топ жарды. Оның ұстазы – М.Н.Әлімқұлов.

Музыкалық колледж студенттері де өз шеберліктерін жоғары деңгейде көрсетті. «Ішекті аспаптар» бөлімінің студенті Регина Джамбазова мен Ерсұлтан Райханов сәйкесінше бірінші және екінші орындарды иеленді. Жас музыканттарды байқауға Я.О. Касьян дайындады.

Оқу орнының қоржынына тағы бір жүлдені Ирада Смогулова салды. И.Н. Волкованың шәкірті байқауда жоғары орындаушылық шеберлігін көрсетіп, қола медальға ие болды.

Жас музыканттардың бұл жетістігі – олардың тынымсыз еңбегі мен шығармашылық ізденісінің нәтижесі. Сонымен қатар, өнерпаздардың кәсіби шеберлігін шыңдап, шығармашылық жолында бағыт-бағдар беріп жүрген ұстаздардың еңбегі де ерекше.