Павлодарлық жас спортшылар Малайзияда жеңіске жетті

Кучинг қаласында WT олимпиялық таэквондо бойынша жарыстар өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Спортшыларды іріктеу Қазақстан чемпионатының нәтижелері бойынша өтті. Кадеттер арасындағы жарыс наурыз айында Астанада ұйымдастырылған. Жасөспірімдер арасындағы іріктеу мамырдың басында Шымкентте болды. Нәтижесінде павлодарлық спортшылар Павел мен Егор өз салмақ дәрежелерінде озып, ұлттық құрамаға жолдама алса, Аиша есімді жас спортшы күміс медаль жеңіп алып, Қазақстан құрамасына енді.
Чемпионатқа дайындық іріктеуден кейін бірден басталды. Дайындық екі кезеңге бөлінді.
– 15 наурыздан 24 маусымға дейін Аиша Павлодарда жаттықты. Кейін, 25 маусымнан бастап, ол Алматыда ұлттық құрамамен бірге дайындықты жалғастырды. Ал жасөспірімдер болса, 6-20 мамыр аралығында үйде жаттығып, 21 мамырдан бастап Алматыда ұлттық құраманың құрамында үш кезеңнен тұратын жаттығуларға кірісті, – деп бөлісті балалардың жеке бапкері Ким Ёнг Ро.
Жалпы жарысқа 36 елден 718 спортшы қатысты. Оның ішінде 312 кадет және 406 жасөспірім. Павлодарлық «Ким Сонг Су» таэквондо мектебінің тәрбиеленушілері жарыста сәтті өнер көрсетті. Әсіресе жасөспірімдер арасында 59 кг дейінгі салмақта Павел Эм және 78 кг-нан жоғары салмақта Егор Шаптефраць көзге түсті. Кадеттер санатында Аиша Әмір сынға түсті.
Егордың сапары республикалық олимпиадалық даярлық орталығының қолдауымен өтті. Ал Павел, Аиша және бапкердің шығындарын Павлодар облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен таэквондо мектебі өтеді.
Ислам Достов