Павлодарлық жас туристер ел біріншілігінде үздіктер қатарынан көрінді
Жас спортшылар Қазақстан чемпионатында сәтті ойын өрнегін көрсете білді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жуырда Түркістан облысындағы Машат шатқалында Қазақстан Республикасының құрама туризм чемпионаты және туристік көпсайыстан ел Кубогының финалы өтті. Жарыста Павлодар облысының намысын экология және туризм орталығы мен балалар-жасөспірімдер клубының «СЮТур» туристік клубтарының тәрбиеленушілері қорғады.
Қазақстан чемпионатында өңірдің жасөспірімдер құрамасы тұрақты нәтиже көрсетіп, бес қашықтықтың барлығында қола медаль иеленді. Олар – «Асу», «Байламдар», «Құтқару жұмыстары», «Қысқа қашықтық» және «Өткел». Жалпыкомандалық есепте де павлодарлықтар үшінші орынға тұрақтады.
Қазақстан Кубогының туристік көпсайыс бойынша финалында да спортшыларымыз жақсы нәтиже көрсетті. «Жасөспірімдер» және «Ұлдар» жас санаттарында өнер көрсеткен Павлодар облысының командалары жыл қорытындысы бойынша қола жүлдеге ие болды.
Павлодарлық спортшылар жеке біріншілікте де жоғары нәтиже көрсетті. Жасөспірімдер арасында Азиза Булатова екінші орын алса, Анна Вишенкова қола жүлдегер атанды. Ал «Ұлдар» санатында Виктория Ерофеева жеңіске жетті. Мария Чубенко күміс медаль иеленсе, Давид Бартель мен Алёна Ерофеева үшінші орынға көтерілді.
Қол жеткізілген жетістіктер — жүйелі жаттығулардың, табандылықтың және командалық үйлесімді жұмыстың нәтижесі.