Павлодарлық жастар WorldSkills додасында өңір намысын қорғайды

Павлодарлық жастар WorldSkills додасында өңір намысын қорғайды
Фото: Ақмарал Есімханова

Алдағы уақытта олар республикалық деңгейде кәсіби шеберліктерін көрсетіп, өз құзыреттері бойынша үздіктер қатарынан көрінуге мүмкіндік алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қызмет көрсету саласы колледжінің үш студенті WorldSkills чемпионатының республикалық кезеңінде өңір намысын қорғайды. Болашақ модельер-пішушілер мен шаштараздар күрделі кәсіби тапсырмаларды орындауға дайындалып, заманауи жабдықтармен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіріп жүр. 

Чемпионатқа дайындық жарыс басталғанға дейін бірнеше ай бұрын қолға алынады. Колледжде арнайы шеберханалар жабдықталып, кәсіби тігін машиналары мен цифрлық бағдарламалар сатып алынған. Практикалық сабақтар WorldSkills стандарттарына бейімделген. Бұл студенттерге тапсырмалардың орындалу тәртібімен алдын ала танысып, дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.

Тігіншілік – отбасылық дәстүр

Үшінші курс студенті Маргарита Романованың мамандық таңдауына анасы әсер еткен. Қызына тігінші болуға кеңес берген де сол. Анасы арнайы білім алмағанымен, бала кезінен тігін машинасын қолынан тастамай, өз бетінше тігін тігуді үйренген. Енді анасының қызығушылығын қызы жалғастырып келеді.

Маргарита модельер-пішуші мамандығында оқиды. Ол WorldSkills чемпионатының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанып, енді республикалық жарыста Павлодар облысының атынан өнер көрсетеді.

Бұл мамандық дәстүрлі пішуші жұмысынан өзгеше. Студенттер тігін тігумен қатар, киімді цифрлық жобалауды да меңгереді. Ол үшін колледжде арнайы бағдарлама бар. Оның көмегімен киім үлгісін жасап, пішімін құрастырып, болашақ бұйымды үш өлшемді форматта көруге болады.

Маргарита WorldSkills республикалық чемпионатының республикалық кезеңіне арналған тапсырмалардың үлгісімен танысып үлгерген. Оған жакеті бар костюм әзірлеу және модельдеу қажет. Тапсырманы орындауға үш күн беріледі.

– Бізге қандай үлгі тігетінімізді алдын ала түсіндірді. Бұл – жакеті мен белдемшесі бар костюм. Жакеттің жеңі екі тігісті, бедерлі сызықтары болады. Модельдің өлшемдерін де ескеру қажет: бойы – 170 сантиметр, кеуде орамы – 92, белі – 70 сантиметр. Алдымен бұйымның нобайын жасап, моделін құрамын. Содан кейін оны 3D форматқа шығарып, нәтижесін тексеремін. Мысалы, бүкпесі дұрыс түспеуі, пішімі кең болуы немесе жакеттің ұзындығы талапқа сай келмеуі мүмкін. Сызбаүлгі жасауға көп уақыт кетеді. Алдымен маталарды дайындап, есептеулер жүргіземіз, содан кейін үш өлшемді модельге көшеміз. Бұл жолы костюмдік мата қолданамыз, – дейді Маргарита.

Облыстық кезеңде студент белі қыналған көйлек тіккен. Оның айтуынша, чемпионатқа қатысу үлкен зейінді талап етеді. Жұмысқа барынша көңіл бөлу үшін классикалық музыка тыңдайды. Болашақта Маргарита оқуын жалғастыруды немесе жеке кәсібін ашуды жоспарлап отыр.

Шифон қателікті кешірмейді

Республикалық кезеңге қатысатын тағы бір студент – үшінші курс білім алушысы Диляра Орынбаева. Ол «Сән технологиясы» құзыреті бойынша бақ сынайды. Қыз аздап қобалжитынын жасырмайды. Соған қарамастан күн сайын дайындалып жүр. Оның уақыты минутына дейін жоспарланған. Негізгі жаттығулар колледждің тігін цехында өтеді. Мұнда қажетті жабдықтар, материалдар мен тәжірибелі тәлімгерлер бар.

Тапсырма шарты бойынша студенттер техникалық суреттер әзірлеуден бастап, дайын бұйым тігуге дейінгі бірнеше жұмысты орындауы керек.

– Тапсырма аясында макет жасаймыз, техникалық суреттер саламыз және жасанды интеллектіні қолданамыз. Белдемше, топ және дизайнерлік белдік тігу қажет. Материалдар арасында шифон, зығыр мата, шілтер және сәндік элементтер болады. Өлшемі – 46. Тапсырманы үш күн ішінде 18,5 сағатта орындауымыз керек. Біз бірнеше айдан бері дайындалып жүрміз, – дейді Диляра.

Қыз тігін тігуді он жасынан бастаған. Анасы ательеде тігінші болып жұмыс істейді. Сондықтан бұл кәсіпке қызығушылығы бала кезінен оянған. Диляра қазірдің өзінде түрлі образ жасап, киім жиынтықтары мен көйлектер тіге алады. Әсіресе, корсет тіккенді ұнатады. Алайда чемпионатта басқа бұйымдармен жұмыс істеуге тура келеді.

Қатысушылар үшін ең күрделі материалдың бірі – шифон. Жұқа әрі нәзік матаны пішуден бастап, тігістерін өңдеуге дейін аса мұқият болу қажет. Кішкентай қателіктің өзі бұйымды бүлдіруі мүмкін. Диляраның дайындығына өндірістік оқыту шебері, WorldSkills сарапшысы Светлана Литвинова көмектеседі.

Тәлімгердің айтуынша, чемпионат тапсырмаларын орындау үшін тек тігін тігуді білу жеткіліксіз. Қатысушы конструктор әрі дизайнер ретінде ойлап, бұйым жасау технологиясын түсініп, әртүрлі материалдармен жұмыс істей алуы керек.

– Мұнда шығармашылық қабілет маңызды, бірақ тек тігін машинасының алдында отыру жеткіліксіз. Алдымен идея қағазға түседі, содан кейін құрастыру және инженерлік модельдеу жұмыстары басталады. Биылғы күрделі материалдардың бірі – шифон. Ол өте жұқа болғандықтан, тігістерді аса ұқыптылықпен өңдеу керек. Қосарланған Мәскеу тігісі қолданылады, барлық өңдеу жұмыстары тігін машинасыз орындалады. Жіптің тартылып қалмауына мән беріп, барлығын барынша жұқа әрі таза тігу қажет. Бұл тек тігу кезеңі. Матаны пішудің өзі де оңай емес. Зығыр мата қатты, ал шифонмен жұмыс істеу әлдеқайда қиын. Сондықтан әр қимыл автоматты түрде орындалғанша үнемі жаттығамыз. Бұған бір айдан да көп уақыт кетеді. Белдемше мен топ тігіп, түрлі тәсілдерді байқап көреміз. Ал нақты тапсырманы чемпионатта ғана білеміз, – деп түсіндірді Светлана Литвинова.

Сарапшының айтуынша, өңірде тігін ісі мен пішу мамандарын бірнеше колледж даярлайды. Сондықтан кәсіби жарыстардағы бәсекелестік те жоғары.

Болашақ шаштаразға төрт тапсырма

Колледж атынан қатысатын үшінші студент – Айгерім Асқар. Ол «Шаштараз өнері» құзыреті бойынша Павлодар облысының намысын қорғайды. Қыз қазірдің өзінде қаладағы салондардың бірінде жұмыс істейді. Сондықтан чемпионат оған кәсіби шеберлігін сынап, өз мүмкіндігін көрсетуге және әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстарын анықтауға мүмкіндік береді.

Республикалық кезеңде оған төрт тапсырманы орындау керек. Олар – шаш қию, сәндеп жатқызу, бояу және химиялық бұйралау.

– Мен үшін ең қиыны – химиялық бұйралау. Мұнда шашпен дұрыс жұмыс істеп, оның құрылымын ескеру және қажетті нәтижеге қол жеткізу маңызды. Мен әдемілік жасағанды, түрлі образдарды байқап көргенді ұнатамын. Сондықтан осы мамандықта дамығым келеді, – дейді Айгерім.

Химиялық бұйралау ерекше мұқияттылықты талап етеді. Шаштың түріне қарай арнайы құрамды дұрыс таңдап, оның әсер ету уақытын есептеу, шашты сауатты орап, бүкіл процесті бақылау қажет. Болашақ бұйраның пішіні мен шаштың саулығы осыған байланысты. Сондықтан студент жарыс кезінде тапсырманы сенімді орындау үшін техниканы үнемі қайталап жүр.

Халықаралық стандарттарға сай жабдық пен дайындық

Студенттердің жетістігі – олардың жеке еңбегімен қатар, оқытушылардың жүйелі жұмысы мен колледждің техникалық мүмкіндіктерінің нәтижесі. Колледж директоры Азамат Қашитовтың айтуынша, 2021 жылы оқу орны өңірдегі үздік колледж деп танылып, облыс әкімінің 50 миллион теңге көлеміндегі грантын алған. Бұл қаражатқа тігін шеберханалары мен шаштараз кабинеттерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылған.

Болашақ модельерлерге он әмбебап және сегіз арнайы тігін машинасы сатып алынған. Олардың қатарында цифрлық басқаруы бар жоғары жылдамдықты машиналар, кесте тігетін, жөрмейтін, түйме қадайтын және ілмек жасайтын құрылғылар бар. Сонымен қатар студенттерге сызбаүлгі басып шығаратын плоттер мен киімді цифрлық модельдеуге арналған бағдарлама қолжетімді.

– Практикалық сабақтарды WorldSkills халықаралық стандарттарына бейімдедік. Жаңа жабдықтар студенттерге заманауи технологияларды меңгеруге, бұйымдарды өңдеудің түрлі тәсілдерін үйренуге және жұмыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Ал цифрлық бағдарлама киімді жобалап, болашақ үлгіні үш өлшемді форматта көруге көмектеседі, – деді Азамат Қашитов.

Колледж студенттері жыл сайын кәсіби байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Былтыр павлодарлық шаштараздар республикалық кезеңде екінші орын алды. Ал студент Полина Синебрюкова Абу-Дабиде Қазақстан атынан өнер көрсетті. Бұдан екі жыл бұрын шаштараз мамандығы бойынша білім алатын Әлімжан Қайыр бірінші орын иеленген. Жалпы, колледж он жылдан астам уақыт бойы кәсіби шеберлік байқауларының жүлдегерлері қатарында келеді.

Студенттердің психологиялық дайындығына да ерекше көңіл бөлінеді. Техникалық тұрғыдан жақсы дайындалған қатысушылардың өзі уақыт шектеулі болып, сарапшылардың алдында жұмыс істеу қажет болғанда қобалжуы мүмкін. Мұндай жағдайда оларға колледж психологы көмектеседі.

Биыл Павлодар облысынан 39 құзырет бойынша 42 студент WorldSkills чемпионатының республикалық кезеңіне қатысады. Байқау 21-30 қараша аралығында Астанадағы EXPO алаңында өтеді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде жұмысшы мамандықтарын қолдау мен білікті кадрлар даярлаудың маңызын бірнеше рет атап өткен. 2025 жыл осы бағыттағы мемлекеттік саясаттың басымдықтарының біріне айналып, Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Мемлекет басшысы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртуға да ерекше назар аударып келеді. Бұл жұмыс жаңа талаптарға сай мамандар даярлауға бағытталған.

«Колледждерді теория мен тәжірибе ұштасқан, білім беру өндіріс саласымен тығыз байланысқан озық құзыреттер орталығына айналдыру міндеті тұр. Сондықтан дуалды оқытуды белсенді дамытып жатырмыз. Тегін техникалық және кәсіптік білім беру жобасы жүзеге асырылуда, жұмысқа орналасуға кепілдік беретін мақсатты даярлау тетігі енгізілді. Сонымен қатар жастар колледжде оқуды сұранысқа ие мамандықты меңгеруге бастайтын алғашқы саналы қадам ретінде қабылдауы үшін кәсіби бағдар беру жұмыстары жүргізілуде», – деген болатын Президент.

Елімізде педагогтердің қоғамдық мәртебесі мен біліктілігін арттыруға да басымдық беріліп отыр. Техникалық және кәсіптік білім беруді интернационалдандыру аясында халықаралық стандарттар енгізіліп, шетелдік менеджерлер тартылуда. Академиялық ұтқырлықты дамыту жұмыстары да жалғасып келеді.