Павлодарлық жазушыға шығармашылық кешінде ат мінгізілді

Павлодарлық жазушыға шығармашылық кешінде ат мінгізілді

«Қанжығалы Бөгенбай»,  «Мәшһүрдің мұңы» кітаптарының авторы, жазушы Серік Елікбайдың шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, мәшһүртанушы, ақын, жазушы Серік Төлеубайұлы Елікбай 55 жасқа толды. 

Ол мектеп оқушыларына арналған 30 шақты оқулықтың авторы, ғылыми жұмыс-монографиясының, сондай-ақ, «Қанжығалы Бөгенбай»,  «Мәшһүрдің мұңы», «Едіге би» сияқты көптеген кітаптың авторы. Ең алғашқылардың бірі болып 2012 жылы «Жаңаөзен» деген романды аяқтаған. Бірақ аталмыш роман белгілі бір себептермен жарыққа шықпаған. Соңғы алты жылдың ішінде жеті роман жазған. Оның ішінде төртеуі баспа бетін көрген, қалған үшеуі әлі уақыт еншісінде.   

– Бүгінгі шығармашылық кешті айтулы оқиға деп есептеймін. Өйткені кейінгі кезде Ертіс-Баян өңірінде қазақ прозасында осындай қарымды қалам тапқан азамат жоқ деп айтуға болады. Жалпы, қазақ елінің өзінде осындай үлкен шығармашылықпен айналысып жатқан азаматтар саусақпен санарлық. Соның бірі де, бірегейі – біздің жерлес Серік Төлеубайұлы, – деді Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шөберісі Ертай Жүсіпов. 

Оның айтуынша, қазіргі заманда әдебиетпен, оның ішінде прозамен айналысу өте қиын шаруаға айналған. Шығармашылықпен айналысу қара жұмыспен тең, ал оның ішінде прозаға аяқ басу үлкен дайындықты, талап пен талантты қажет ететін сала.

– Серік Төлеубайұлы –  осы үлкен майданда қара нар болып, әдебиеттің жүгін арқалап жүрген біртуар азамат. Жазба ақын ретінде шығармалары мықты, бірақ жазушы ретінде оның деңгейі өсті. Сондықтан да зиялы қауым оған қазір ғалым, ақын ретінде емес, жазушы ретінде қарайтын боламыз. Әрқашан да бізді жаңа шығармаларымен қуанта берсін, – дейді Ертай Жүсіпов.

Жазушы бұрынғы заман, перғауындар заманы, қазіргі кезең  тақырыптарында қалам тербей алады. Сонымен қатар, көбінесе қазақ халқының тарихына байланысты белгілі бір тұлғаларға арналған шығармалар жазады. 

– Менің шығармашылығыма байланысты алғашқы кеш ұйымдастырылды. Елдің ықыласына, әкімшілікке, іні-ағаларыма алғыс айтамын. Жазарымыз таусылмасын,  жазғанымызды оқитын ел-жұрт аман болсын. Осының бәрі егемендіктің, еңсеміздің тік тұрғандығының арқасы деп білемін, – деді Серік Елікбай.  

Шығармашылық кеш барысында профессордың иығына шапан жабылып, зиялы қауым өкілдері мен облыс әкімі Асайын Байхановтың атынан тұлпар сыйға тарту етілді. Сондай-ақ шәкірті, «Алтын домбыра» иегері, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Аспанбек Шұғатаев арнау айтып, жылқы сыйлады. 

Айта кетейік, жазушы тақауда тағы да бір баянауылдық тұлғаға арналған тарихи роман шығаруды жоспарлап отыр.