Павлодарлықтарға оңай баю жолының қайда апаратынын түсіндірді

Тек соңғы төрт жылдың ішінде қазақстандықтар 37 млрд теңге жоғалтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Естай атындағы мәдениет сарайында «Заң және тәртіп: ХХІ ғасырдың қаржылық триггерлері» форумы өтті. Тәжірибелі мамандар – Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері мемлекеттік қызметшілермен, мұғалімдермен, студенттермен, блогерлермен сөйлесіп, қаржылық пирамидалардың белгілерін және алаяқтардың әртүрлі түрлерін тануға көмектесті.
Павлодар облысы әкімінің орынбасары Дәурен Жамбайбек өз сөзінде атап өткендей, мәселе өзектілігі күн сайын артып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та түсіндіру жұмыстарын күшейтуді талап етеді.
– Уәкілетті органдар жүргізіп жатқан жұмыстарға қарамастан, тек соңғы бес айда ғана биыл облыста өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда алаяқтық фактілері 14 пайызға, оның ішінде интернет желісі арқылы 46 пайызға өскен. Негізінен олар әлеуметтік қызмет көрсетуші атын жамылып, жалған сілтемелер жасап, банк қызметкерлерінің немесе құқық қорғау органдарының атынан әрекет етеді. Біздің міндетіміз – қоғамда интернетте қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру. Бұл форумның оң әсерін тигізетініне сенімдімін, – деді Дәурен Жамбайбек.
Одан кейін сөз кезегін бөлім қызметкері Азат Шахманов алды. Ол қаржылық пирамидалардың тұзағына түспеу туралы егжей-тегжейлі айтты. Баяндамашы алдымен аудитория назарын қылмыстық схеманың мұндай түрінің айқын белгілеріне аударды: ағыл-тегіл табыс, «дос ертіп әкелу» қажеттілігі, агрессивті жарнама және жазбаша келісім-шарттардың болмауы.
– Ешбір бизнес жылдық 70-100-120 пайыздық пайда әкеле алмайды, тіпті екінші деңгейлі банктер де ең көбі 14-18 пайыз ұсынады, – дейді Азат Шахманов. – Көпшілік 90-жылдардың басындағы жарнаманы біледі: онда Леня Голубков телеэкрандардан керемет табыс алуға уәде беріп, атышулы «МММ» компаниясын насихаттады. Енді қаржы пирамидаларының жарнамасы Instagram, YouTube, TikTok және басқа желілерге көшті. Біз бәріміз әдемі өмір сүргіміз келеді, алаяқтар болса, осы ниетімізді өз пайдасына жұмсайды.
Экономикалық тергеу департаменті қызметкерінің айтуынша, тек 2021 жылдан бері Қазақстанда 99 қаржы пирамидасы жойылып, оған 86 мыңнан астам қазақстандық тартылған, келтірілген шығын 37 миллиард теңгеден асып, 226 адам сотталған.
ТЖД бастығының орынбасары Ғалиасқар Қасымов мәлім еткендей, қазіргі уақытта департамент аяқталуға жақын төрт қылмыстық іс бойынша жұмыс істеп жатыр. Қазақстандағы бір ғана «HAS Holding» компаниясында 2,4 млрд теңге инвестициялаған 369 адам зардап шекті.