Павлодарлықтарға жалақы кешіккен жағдайда не істеу керектігі түсіндірілді
Жұмыс беруші берешекпен бірге әрбір кешіктірілген күн үшін өсімпұл төлеуге міндетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің мәліметінше, жалақы айына кемінде бір рет және келесі айдың алғашқы онкүндігінен кешіктірілмей төленуі тиіс. Нақты төлем күні еңбек немесе ұжымдық шартта белгіленеді.
Егер жалақы төленетін күн демалыс немесе мереке күніне сәйкес келсе, жұмыс беруші оны алдын ала төлеуге міндетті.
– Егер жалақы жұмыс берушінің кінәсінен кешіктірілсе, ол жұмыскер алдындағы берешекті өтеп қана қоймай, кешіктірілген әрбір күн үшін өсімпұл есептеуге міндетті. Берешекті өтеу жұмыс берушіні өсімпұл төлеуден босатпайды, – деді департамент басшысы Асқар Қапанов.
Өсімпұл жалақы төлеу мерзімі өткеннен кейінгі күннен бастап нақты төленген күнді қоса есептегендегі барлық кезең үшін есептеледі. Оның мөлшері берешек өтелген күндегі ҚР Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшеріне байланысты.
Мәселен, жалақы 300 мың теңге болып, төлем 10 күнге кешіксе, базалық мөлшерлеме 16,25 пайыз болған жағдайда өсімпұл шамамен 1670 теңгені құрайды. Бұл жағдайда жұмыс беруші қызметкерге барлығы шамамен 301 670 теңге төлеуі тиіс.
Жалақыны толық әрі белгіленген мерзімде төлемегені, сондай-ақ өсімпұлды есептемегені және төлемегені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
ҚР ӘҚБтК-нің 87-бабына сәйкес, лауазымды тұлғаларға 30 АЕК (129 750 тенге), шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдарға 60 АЕК (259 500 тенге), орта кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК (432 500 тенге), ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 150 АЕК (648 750 тенге) мөлшерінде айыппұл көзделген.
Жалақысы төленбеген қызметкер алдымен жұмыс берушіден берешекті өтеуді талап ете алады. Сондай-ақ Мемлекеттік еңбек инспекциясына жүгінуге құқылы.
– Егер нақты жалақы сомасын өндіріп алуға байланысты жеке еңбек дауы туындаса, ол келісу комиссиясында, ал заңда белгіленген жағдайларда сотта қаралады. Мұндай еңбек даулары бойынша жүгіну мерзімі – жұмыскер өз құқығының бұзылғанын білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап бір жыл, – деп түсіндірді Асқар Қапанов.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы жұмыскерлердің өтініштерін қарап, тиісті негіздер болған жағдайда заңнамада көзделген шараларды қабылдайды.