Павлодарлықтар қасиетті мұраға қамқорлық танытты

Павлодарлықтар қасиетті мұраға қамқорлық танытты

Қасиетті кесене жанында «Мәдени мұраны бірге сақтайық» атты республикалық акция өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында, Халықаралық еріктілер жылы құрметіне орай іс-шараны облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мен Шарбақты ауданының әкімдігі ұйымдастырды. Белсенділер Ғабдул Уахит хазірет кесенесінің маңын тазалады.

– Акция Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай өтіп жатыр. Мұндай нысандарды сақтау өте маңызды. Бұл – біздің болмысымыз, ұлттық кодымыз, ұрпақтар сабақтастығын жалғап тұратын құндылық. Сондықтан біз бұл акцияға ерекше ықыласпен қатысып отырмыз. Оған Павлодар қаласы мен Шарбақты ауданының ауылдарынан 60-тан астам адам қосылды. Олардың қатарында жас мұғалімдер, колледж студенттері мен жоғары сынып оқушылары бар, – деді облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының жастар және отбасы істері жөніндегі бөлім басшысы Жаннұр Ахметжанова.

Бүгін еліміздің барлық өңірінде адамдар ел тарихы мен мәдениетін сақтау үшін бірігуде. Әр аймақта түрлі іс-шаралар, экскурсиялар және ағартушылық акциялар өтуде. Павлодар облысы да бұл бастамаға белсенді қатысып жатыр.

Шарбақты ауданының ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Асылбек Сұлтановтың айтуынша, кесене аумағын тазалау, ағаштарды әктеу, қоқыс шығару жұмыстары ұйымдастырылған.

Акцияға мұғалімдер де қатысты.

– Олардың барлығы – Шарбақты ауданының жас мамандары. Қайырымды іске өз еркімен 45 оқушы да қосылды. Олар – Арбиген, Красиловка, Богодаровка, Шалдай және басқа да жақын ауылдардың тұрғындары. Оларға бордюрлер мен ағаштарды әктеу, қоқыс жинау жұмыстары тапсырылды, – деп нақтылады "Қаһарман" жастар орталығының жетекшісі Ляйля Иманғазинова.

Оның айтуынша, Ғабдул Уахит – Шарбақты ауданынан шыққан әулие. Оның кесенесіне республиканың түкпір-түкпірінен адамдар зиярат етіп, тағзым жасап, дұға ету үшін келеді.

– Бізде арнайы кесте бар. Жиналыстарда кім қандай жұмысқа жауапты болатынын бірге шешіп, кезекшілік ұйымдастырамыз, – деді Ляйля Иманғазинова.

Шарбақты ауданында экологиялық акцияларға қатысу жүйелі түрде жүргізіледі. Мұндай шаралар апта сайын ұйымдастырылып тұрады.

Фото: Александр Вервекин