Павлодарлықтар қостанайлық белгілі фотографтың жұмыстарын тамашалай алады
Көрмеге 50-ге жуық жанрлық жұмыс қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Дмитрий Багаевтың үй-мұражайында Қостанай қаласының фотографы Янис Мармалидидің «Грани» жеке фотокөрмесі назарға ұсынылды. Янис Мармалиди Қостанай филармониясының жанындағы мәдениет саласында жұмыс істейді. Оның фотосуреттерінің кейіпкерлері көбінесе шығармашылық адамдар: суретшілер, музыканттар, бишілер, ақындар.
– Мені осында шақырған адамдардың алдында фотограф ретінде жауапкершілікті сезінемін. Дмитрий Багаевтың үй-мұражайы – елдегі жалғыз фотосурет мұражайы. Бұл – бірегей орын, мұнда харизма сезіледі. Басқа уақытқа, басқа әлемге түскендеймін. Ескі фотосуреттерді көргенде ұлт рухы, ұлттың бейнесі көрінеді. Багаев қазақ халқының тұрмысын көрсете білді, тарихта із қалдырған ең жоғары деңгейдегі фотограф. Менің фотосуреттерім дәл осы жерде Павлодар халқының назарына ұсынылатынына қуаныштымын, – дейді Янис Мармалиди.
Фотокөрменің ашылу салтанатына кәсіби фотографтар мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты. Олар фотосуреттерді ұзақ уақыт қарастырып, таң қалып, салыстырып, қостанайлық фотографқа ыстық лебіздерін білдірді.
Айта кетейік, 50-ге жуық жанрлық жұмыс қойылған көрме бір айға созылады.