Павлодарлықтар үшін барлық ведомство бір жерде кеңес берді
Облыс орталығында азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аталмыш шара аясында павлодарлықтар басқарма басшыларына, полиция, әділет, сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттерінің мамандарына, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің, еңбек мобильдігі орталығының, «Павлодар-Водоканал» ЖШС мен «Павлодар жылу желілері» өкілдеріне тікелей сұрақ қойып, кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.
Ең көп көтерілген мәселелер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары, әлеуметтік және медициналық қолдау, жұмыспен қамту, білім беру және кәсіпкерлікке қатысты болды.
Облыс әкімі аппаратының азаматтардың өтініштерін қарауды бақылау бөлімінің басшысы Альмира Нашарова орталық өңірдегі негізгі мемлекеттік қызметтердің барлығын бір жерде біріктіретінін атап өтті. Бұл тұрғындарға қажетті қызметтер мен кеңестерді жылдам әрі ыңғайлы алуға мүмкіндік береді.
Сот актілерін орындау жөніндегі ведомствоаралық бөлімнің басшысы, аға сот орындаушысы Аслан Байзақов әділет органдарына қарасты өзге де мекемелердің өкілдері жұмыс істегенін айтты.
– Біз әлеуметтік осал топтағы азаматтарға тегін заң көмегін көрсетеміз. Мұнда жеке сот орындаушылары, адвокаттар, сот сарапшылары мен нотариустар кеңес береді. Атқарушылық іс жүргізу, жылжымайтын мүлікті тіркеу, берешекті өндіру туралы нотариустың атқарушылық жазбасына қарсылық білдіру тәртібін түсіндіреміз, – деді Аслан Байзақов.
Жылжымайтын мүлікті тіркеу мен еңбек даулары бойынша алты адам жүгінген. Мамандар оларға қайда жүгіну керектігін және алдағы қадамдарды түсіндірді.
Павлодар қаласы әкімі аппаратының өтініштермен жұмыс жөніндегі басшысы Салтанат Әлқайырова мұндай бірыңғай қабылдау күндері тұрақты түрде өткізілетінін айтты. Сонымен қатар, қаладағы барлық шағын аудандарда көшпелі қабылдаулар ұйымдастырылады.
– Біз мектептерге, мәдениет үйлеріне және басқа да қоғамдық орындарға барамыз. Қала әкімі, оның орынбасарлары және бөлім басшыларының қабылдау кестесі бекітілген, сондықтан кез келген уақытта жазылуға болады, – деді ол.
Қыс мезгілінде тұрғындар көбіне жылу және жолдардың жағдайы бойынша жүгінсе, жазда аулаларды абаттандыру, балалар және спорт алаңдарын салу мәселелері көтеріледі. Кейбір мәселелер сол жерде шешілсе, уақыт пен қаржыны қажет ететіндері тиісті органдардың бақылауына алынады.
Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күніне тұрғындар тек түйткілді мәселені арқалап келмеген. Арасында өзекті ұсыныспен келгендер де болған. Мәселен, қала тұрғындарының бірі мүгедектігі бар адамдарды тасымалдауға арналған инватакси ұйымдастыруды ұсынған. Ол бағдарлама қазір қарастырылуда.