Павлодарлықтар 27 жыл әкесін іздеген қыздың өмірін тамашалады
Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалық-драма театры сахнасында «Сюрприз» қойылымы көрсетілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, ТТТ театрының директоры Асылбек Боранбайдың айтуынша, бұл – «ТТТ» театрының алғашқы спектаклі. Қойылымда отбасылық жағдайдан туындайтын ана мен бала, бала мен әке арасындағы мейірімділік мәселесі көтеріледі, қоғамда болып жатқан жас отбасылардың тағдыры таразыға салынады.
– Бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – мейірім шуағының азаюы. Бұл қойылымды облыс орталықтарына арнайы алып келіп отырған жайымыз бар. Туындының тақырыбы қоғамда, әлемде болып жатқан отбасылық мәселені қозғайды, – дейді Асылбек Боранбаев.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры сыйлығының иегері, философия докторы (PhD), Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі Есләм Нұртазин «Сюрприз» қойылымы коронавирусқа байланысты жарияланған пандемияға дейін Алматыда премьерасы өткенін айтады. Кеш барысында 27 жыл әкесін іздеген қыздың тағдыры баяндалады.
– Бұл мелодрамада жалпы әкенің орны жайлы ой қозғалады. Туынды барысында күлкілі әрі мұңлы тұстары болады. Әкесін іздеген қыз жайлы керемет мелодрама шықты деген ойдамын, – дейді қоюшы-режиссер Есләм Нұртазин.
Кино мен театр жұлдыздарынан құрылған жаңа құрам бұған дейін «Сюрприз» мелодрамасымен Өскемен және Риддер қалаларының театрларында өнер көрсеткен. Театр құрамында Асылбек Боранбаев, Дуылға Ақмолда, Жомарт Зейнәбіл, Әсет Есжан, Таңшолпан Нұртілеуқызы қызмет атқарады.
Театр ұжымы тартысты оқиғаны салмақты ой және әсерлі әзілмен халықтың жүрегіне жеткізе білді. Қойылымға келген көрермендер көрініс соңында ризашылықтарын білдіріп, орындарынан тұрып, тоқтаусыз қошемет білдірді.
Мақсат Көлтайұлы