Павлодарлықтар «Еркін ел ұрпағы» атты патриоттық диктантқа қатысады
Диктант республика бойынша 2023 жылғы 4 мамырда сағат 11.00-де өткізіледі, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Мамыр мерекелері мен Жеңіс күні қарсаңында қазақстандықтардың қатысуымен «Еркін ел ұрпағы» атты жалпыұлттық патриоттық диктант ұйымдастырылады.
Шараның мақсаты – еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін дәріптеу, ұлттық құндылықтар мен ұлттық мұраттарды бойына сіңірген патриоттық рухтағы ұрпақ тәрбиелеу. Қазақстандықтардың мемлекеттік тілді білу деңгейлерін анықтау, мемлекеттік тілде сауатты жазу дағдыларын қалыптастыру, диктант мәтіні арқылы ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу.
– Диктант жазуды ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктері, жергілікті атқарушы органдар. Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі диктанттың мәтінін 2023 жылғы 3 мамырда сағат 11.00-де жергілікті атқарушы органдардың жауапты мамандарының электронды пошталарына жолдайды, – деп жазылған хабарламада.
Диктант жазушылардың жас ерекшіліктеріне шек қойылмайды. Өңір тұрғындарының кем дегенде 30 %-і қатысуы тиіс. Диктантты офлайн/онлайн форматтарда өткізуге болады. Диктант бағаланбайды.
Павлодар облысынан диктант жазуға 20 спорт, 350 білім беру, 100 мәдени нысан мен 20 кәсіпорын қатысады.