Павлодарлықтар фискалдық чекпен жүлде ұтып ала алады

Павлодарлықтар фискалдық чекпен жүлде ұтып ала алады
Фото: pexels.com / Kaboompics.com

Акцияның мақсаты – тұтынушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру және көлеңкелі экономиканы азайту, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті азаматтарға сауда немесе қызмет үшін төлем жасағанда міндетті түрде фискалдық чекті талап етуге кеңес береді. Чек – тұтынушы құқығын қорғаудың басты құралы. Ол тауарды қайтару, айырбастау немесе сапасыз қызметке шағымдану үшін қажет. Сонымен қатар, чекті талап ету арқылы азаматтар адал бизнесті қолдап, мемлекет бюджетіне түсетін салық арқылы әлеуметтік бағдарламалардың қаржылануына үлес қосады.

Фискалдық чек бермеген кәсіпкерге заң бойынша 20-дан 40 АЕК-ке (78 640 теңгеден 157 280 теңгеге) дейін айыппұл салынуы мүмкін. Тұрғындардан мұндай жағдайлар туралы Мемлекеттік кірістер органдарына хабар беру сұралады.

Сонымен бірге, 2025 жылғы 3 сәуірден бастап басталған «Чек талап ет – жүлде ұтып ал!» республикалық акциясы да жалғасуда. Науқанға қатысу үшін азаматтар «Amian» мобильді қосымшасы арқылы онлайн-ККМ берген фискалдық чектерді тіркеуі керек. Акция шеңберінде ақшалай және бағалы сыйлықтар ұтысқа тасталады.

«Amian» қосымшасын App Store және Play Market дүкендерінен жүктеп алуға болады.