Павлодарлықтар хоспис науқастарына сыйлықтар сыйлай алады

Қайырымдылық акциясы мереке қарсаңында ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Акция аясында мекеме қарапайым, бірақ науқастарға қажетті заттарды қабылдайды. Атап өтетін болсақ, жуынуға арналған алпыс жөке мен сексен үш гигиеналық керек-жарақтарға арналған контейнер.
– Бұл қарапайым заттар науқастарымыздың күнделікті күтімін жеңілдетіп, жайлылық пен жылулық сыйлайды. Әрбір қатысушының қолдауы біз үшін маңызды. Ізгі іске үлес қосқан баршаңызға алғыс білдіреміз, – деді облыстық хоспис басшысы Әсем Қасенова.
Көмек көрсетуге ниетті жандар 8-707-604-84-29 нөміріне хабарласа алады.
Еске сала кетейік, облыста ересектер мен балаларға арналған бірыңғай паллиативтік орталық ашу жоспарланып отыр. Бұған дейін павлодарлық дәрігерлер балаларға паллиативтік көмек көрсетудің заманауи тәсілдерін үйренді.