Павлодарлықтар тіркелген жерден тыс жерде қалай дауыс бере алады?
Ол үшін тұрғын өзінің учаскелік комиссиясына жазбаша өтінішпен жүгіне алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Орталық сайлау комиссиясы 2026 жылдың 15 наурызында дауыс беру күні тұрғын өзінің тіркелген жерінен тыс жерге баратын болса, мәселені қалай шешуге болатынын түсіндірді.
- 14 наурыз күні сағат 18:00-ге дейін Сіз өзіңіздің учаскелік комиссияңызға жазбаша өтінішпен жүгініп, жеке басыңызды куәландыратын құжатты ұсынуыңыз қажет. Комиссия сізге есептен шығару куәлігін табыс етедi, - делінген хабарламада.
Есептен шығару куәлігін сенімхат негізінде өкіл арқылы да алуға болады. Сенімхатты нотариаттық куәландыру талап етілмейді.

Есептен шығару куәлігі жоғалған жағдайда ол қалпына келтірілмейді және оның телнұсқасы берілмейді.
- Бір елді мекен шегіндегі басқа учаскеде дауыс бергісі келетін азаматтарға есептен шығару куәлігі берілмейтініне назар аударыңыз. Дауыс беру күні өзіңіз болатын жердегі учаскеде есептен шығару куәлігін көрсетіңіз. Учаскелік комиссия сізді дауыс беруге арналған тізімге енгізеді, - деп толықтырды орталықтағылар.
Толық ақпарат алу үшін өзіңіздің елді мекеніңіздің әкімдігінің call-орталығына хабарласуға болады.
Еске сала кетейік, Павлодар облысында референдум аясында Call-орталық құрылды. Орталық 3 қала мен 10 ауданда жұмыс істейді.