Павлодарлықтар жаттықтырушы Әлібек Жүсіповті еске алды
Оның есімін жас футболшылар мен жерлестері мақтанышпен еске алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Талантты спортшы-футболшы, білікті жаттықтырушы Әлібек Жүсіповтің есімі спортсүйер көпшілікке кеңінен таныс. Өкінішке қарай, жалындап тұрған азаматтың ғұмыры тым келте болды.
Ол өткен жылы өзі тәрбиелейтін жеткіншек футболшыларды турнирге бастап бара жатқан жолда жол-көлік апатына тап болып, қиын сәтте шәкірттерін қорғап, құтқаруды мақсат етеді. Апат кезінде шәкірттерін тегіс құтқарып қалғанымен, өкінішке қарай, жаттықтырушының өзі ауыр жарақаттардың салдарынан көз жұмды.
Осындай оғлан азаматтың өмірден озғанына да жыл болды. Марқұмның ардақты есімін жаңғыртып, еске алу мақсатында өзі қызмет еткен «Athletic» балалар футбол мектебі Павлодар қаласында ауқымды турнир ұйымдастырды.
Бәсекеге түскен командалар арасындағы тартысқа толы турнирдің чемпионы «Athletic А» командасы атанды. Осылайша, білікті жаттықтырушыны еске алуға арналған алғашқы турнирдің Кубогы клубтың өзінде қалды.

Осы турнирге қатысқан әр команда, әр ойыншы ұйымдастырушылар тарапынан марапаттарға ие болды. Сонымен қатар, «Үздік қақпашы», «Үздік ойыншы», «Үздік шабуылшы», «Жанкүйерлер көзайымы» аталымдары бойынша ерекше көзге түскен жас өрендер жеке-жеке марапатқа қол жеткізді.
- Екі күндік турнирді Әлібектің әкесі Жаңаберді ағамыз және жұбайы мен балалары тамашалады. Оларға спорт додасына арнайы жиналған жұртшылық айрықша құрмет көрсетті, - дейді ұйымдастырушылар.
Осы ретте әріптестерінің есімін ұлықтауды мақсат еткен «Athletic» футбол клубы мен оның жаттықтырушылары - Берікбол Жақыпов, Серік Борамбаев, Айдос Құнанбаев сынды азаматтар екенін атап өткен абзал.
Айта кетерлігі, енді Әлібек Жүсіпов атындағы турнир жыл сайын өтетін болады.