Үкімет Екібастұзда жылу бойынша екі жобаға қаражат бөледі
Бұл жаңа техникалық су құбыры мен жылу магистралінің құрылысы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Президентінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұздағы орамішілік және магистральдік желілердің алдағы жылыту маусымына дайындық барысын тексерді. Облыс әкімі Асайын Байханов қалада жүріп жатқан жөндеу жұмыстарымен таныстырып өтті.
Екібастұзда бүгінде магистральдік және орамішілік желілерге жүргізілген гидравликалық сынақтар нәтижесінде анықталған 304 ақау жойылып, 62 шақырым құбыр мен 95 дана бекіту арматурасының 76-сы ауыстырылды. Сондай-ақ Үкімет резервінен бөлінген қаражат есебінен 5,4 шақырым жылу магистралі жаңартылып жатыр.
Жалпы, облыс әкімдігінің мәліметі бойынша, Екібастұздағы апатты жағдайлардың алдын алу үшін екі жобаны іске асыру қажет. Бірінші жоба – Екібастұз ЖЭО-ға техникалық судың үздіксіз берілуін қамтамасыз ететін магистральдік құбыр құрылысы. Екіншісі – жаңа жылу магистралінің құрылысы. Бұл қаланың төрт шағын ауданындағы жылу жүйесінің теңгерімділігін қамтамасыз етіп, 9 мыңнан астам қала тұрғынын жылумен қамтамасыз ету параметрлерін айтарлықтай жақсартады.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың айтуынша, 2024 жылы Үкімет резервінен 12 шақырымға техникалық су құбырын салуға 2,2 миллиард теңге бөлінеді. Ал жылу магистралін салу үшін 6,7 миллиард теңге бөлу жоспарланған.