Павлодарлықтарды жалған скринингке алданып қалмауды ескертеді

Медицина саласында алаяқтар ұйым атынан қоңырау шалуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды скринингтік тексерулерге шақыру түріндегі алаяқтық жағдайлары туралы ескертеді. Алаяқтар медициналық ұйымдардың атынан қоңырау шалып, скринингке жазылғаныңызды растау үшін SMS арқылы келген кодты айтуды сұрайды.
Мемлекеттік медициналық мекемелер ешқашан скринингке жазылуды SMS арқылы келген кодпен растауды талап етпейді. Мұндай кодтар, әдетте, цифрлық сервистерге кіру немесе операцияларды растау үшін қолданылады және оларды үшінші тұлғаларға беруге болмайды.
Алаяқтар бұл мәліметтерді жеке аккаунттарға немесе цифрлық құжаттарға, оның ішінде eGov, Kaspi, банк қосымшаларына және басқа да сервистерге кіру үшін пайдалануы мүмкін.
Сондай-ақ, SMS арқылы келген кодтарды ешкімге айтпауға, ақпаратты ресми көздер арқылы нақтылауға ескертеді. Алаяқтыққа күмәнданған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгіну керек.