Павлодарлық балалар музыкалық қысқы лагерьге қатыса алады
Екі күндік оқыту марафоны тегін ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
5-6 қаңтар күндері дарынды балаларға арналған музыка мектеп-интернатының базасында екі күндік оқу марафоны өтеді.
– MusicCamp – бұл музыкалық кешен педагогтары ұйымдастырған, облыстағы балалар музыка мектептері мен өнер мектептерінің дарынды оқушыларын қолдауға және дамытуға бағытталған бірегей кәсіби бағдар беру жобасы. Оның мақсаты – қысқы демалыс кезеңінде ауылдық және басқа өңірлерден келген жас музыканттар үшін білім беретін әрі шабыттандыратын орта құру, – деді кешенде.
Музыкалық кешеннің тәжірибелі педагогтарынан сабақтар мен шеберлік сыныптары, оқушылармен жеке және топтық жұмыс ұйымдастырылады. Облыстың балалар музыка мектептері және өнер мектептері оқушылары қатысушы бола алады.
– Қатысушыларда кәсіби музыкалық білім беру атмосферасына еніп, тәжірибе алмасу және шығармашылық өсу мүмкіндігі болады, – деді хабарламада.
Тұру орындары қамтамасыз етіледі. Балалар мен ілесіп келгендерге арналған жатақхана ұсынылады. Барлық сабақтар тегін өткізіледі. Соңында кәсіби бағдар беру және сертификаттар табысталады.