Павлодарлық депутаттар құтқарушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етті
Олар халықпен кездесіп, аудандағы жағдаймен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық мәслихаттың депутаттары, «Ауыл» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері Болат Аманжолов, Саят Елгонденов және «Ауыл» партиясы облыстық филиалының жетекшісі Айдын Сәрсенбай су тасқынынан зардап шеккен Успен ауданына аттанды.
Халық қалаулылары аталған жағдаймен сол жерде танысып, халықпен кездесті, төтенше жағдайлар қызметкерлері мен жергілікті қызметтерді ыстық тамақпен қамтамасыз етті.
– Біз шұғыл жиын өткізген болатынбыз. Енді Успен ауданына келдік, – дейді депутаттар.
Ауыл тұрғындары күні бойы су тасқынымен күресіп, тоқтаусыз жұмыс істеп жатқан қызметкерлерге көмектескені үшін халық қалаулыларына алғыс білдірді.
Еске сала кетейік, күні кеше ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, облыстық мәслихаттың депутаттары Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылына барып, жағдаймен танысты, тұрғындар мен жұмысшыларға көмек көрсетті.