Железин аудандық перзентханасы жаңа құрылғылармен жабдықталды
Заманауи құрылғылар шала туған және әлсіз сәбилерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудандық аурухана баспасөз қызметінің мәліметінше, перзентхананың неонатология және реанимация бөлімі нәрестелерге арналған жаңа инкубаторлармен және ашық реанимациялық жүйелермен толықты. Инкубатор жатырішілік жағдайға барынша жақын, бақыланатын орта жасап, дәрігерлерге шала туған және салмағы аз сәбилерге күтім жасауға көмектеседі.
Ашық реанимациялық жүйе өмірінің алғашқы минуттарынан бастап тыныс алу мен жылулық қолдауды қажет ететін сәбилерге жедел көмек көрсетуге арналған.
Жаңа жабдық заманауи мониторлармен, сезімтал датчиктермен және қауіпсіз жылыту элементтерімен жабдықталған. Бұл дәрігерлерге баланың жағдайын тұрақты бақылап, оған қалпына келу үшін қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Жаңа аппараттардың орнатылуы аудандық медициналық көмектің сапасын арттырудағы және ең кішкентай науқастарға қамқорлық жасаудағы маңызды қадам болды.