Павлодарлық эколог: Өңірдегі климатты жақсарту үшін дендро жолақ керек
Өңірдегі негізгі су артериясы – Ертіс өзенін ағаштардың көмегімен қанықтыруға болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Азаматтық эко-форум отырысында экологиялық технологиялар жөніндегі құзырет орталығының басшысы Өмірбек Ахан осындай әдіс ұсынды.
– Жағалау бойына техникалық дендро жолақ отырғызу қажет. Ұзындығы – 200 шақырым, ені бір шақырым болуы керек. Мұндай жолақ аймақтағы климаттық жағдайды жақсартады, – дейді Өмірбек Ахан.
Эколог өсімдіктердің ассимиляциялық қабілетіне тоқталып өтті. Мәселен, орман көмірқышқыл газын сіңіруден басқа, атмосфералық жауын-шашынды тартады, соның әсерінен жақын маңдағы су бассейні ұлғаяды, ал ағаштар суды сақтап тұрады.
– Орманды Ақсу станциясынан Дегелен станциясына дейін отырғызуды көздеп отырмыз. Еуропалық талаптарға сәйкес орман шаруашылығы жобасын әзірледік, – деді маман. – Жүзеге асыру сомасы – 200 миллион доллар. Елордада осы идеяны жүзеге асыру бойынша консорциум ұйымдастырдық. Жобаны қаржыландыруға келіскен республикалық маңызы бар екі мегакомпанияны тауып, олармен меморандумға қол қойылды.
Экологтың айтуынша, жобаны көктемде жүзеге асыруды бастау үшін жыл соңына дейін инвесторлар пулын құру жоспарланып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, Павлодарда экологиялық форум өтуде. Мамандар мен ҮЕҰ үш негізгі тақырыпты талқылайды — ауа сапасы, көгалдандыру және Қазақстандағы климаттың өзгеруіне бейімделу. Павлодарда жиналған ұсыныстар қазан айында республикалық форумда талқыланады.