Павлодар облысында күн күрт суытып, жаңбыр қарға ұласады
Желдің екпіні кей жерлерде секундына 30 метрден асуы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 5 қазанда Павлодар облысында жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын күтіледі. Күндіз өңірдің батысы мен солтүстігінде жауын-шашын қатты болады.
Ауа температурасы да күрт төмендейді. Түнде 0-5 градус, күндіз 5-10 градус жылы болады.
– 5 қазанда оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді. Облыстың батысында, солтүстігінде және шығысында екпіні 23-28 метр, кей уақытта секундына 30 метр және одан да жоғары болуы мүмкін, – делінген болжамда.
Жел 4 қазанда да күшейеді. Күндіз облыстың батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.
Павлодар қаласында 5 қазанда жаңбыр мен қар жауады. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-20 метр, екпіні 23-28 метрге дейін жетеді.
Облыс орталығында түнде 0-2 градус, күндіз 6-8 градус жылы болады.