Павлодарлық фельдшерлерге бейнежетондар не үшін берілгені түсіндірілді

Жазбалар арнайы бұлтты серверде сақталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
2025 жылдың басынан бері Павлодар облысында жедел жәрдем бригадаларына үш рет шабуыл жасалған. Бұл туралы облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко хабарлады. Оның айтуынша, жедел жәрдем қызметкерлеріне тіл тигізу, қорқыту, тіпті денсаулығына қауіп төндіру жағдайлары жиі кездесіп тұрады.
– Бригадалар шақырту орнына барған кезде кейбір науқастар мен олардың туыстары агрессия танытып жатады. Смартфонмен жұмыс істеп жатқан мамандарды «телефонмен ойнап отыр» деп айыптап, құрылғыларды сындыратындар да бар. Санитарлық көліктер мен жабдықтарға да зиян келтіру деректері тіркелген, – деді Ирина Мищенко.
Осындай жағдайлардың алдын алу және дәлелдеу мақсатында жедел жәрдем қызметкерлеріне бейнежетондар берілді. Қазіргі таңда тәулік бойы жұмыс істейтін 70 бригада толықтай бейнежетонмен жабдықталған. Олар тек станция басшысының бұйрығымен таңдалған тұлғаларға ғана қолжетімді. Жазбалар бұлтты серверде сақталып, тек құқық қорғау органдарының сұранысы бойынша беріледі.
– Жетондар жақында ғана енгізілді. Бірақ оны таққаннан кейін өзімізді қауіпсіздеу сезінеміз. Бұл – тек қорғаныс емес, сонымен қатар жауапкершілік. Енді бәрі жазылып тұрады, сондықтан тәртіп те артады, – дейді жедел жәрдем дәрігері Павел Мельник.
Оның айтуынша, кейбір жағдайларда науқастардың туыстары қол көтеріп, көлікті зақымдауға дейін барады. Арнайы бригаданың дәрігері Ален Мұсабеков мас күйдегі азамат қолына пышақ алып, айналасындағы адамдарға қауіп төндіргенін еске алады. Мұндай сәттерде бригада дереу полиция шақыруға мәжбүр.
Бейнежетон қалай жұмыс істейді?
Шақырту орнына барғанда, есіктен кірмей тұрып жетонды іске қосады. Пациентке бейнетүсірілім жүргізіліп жатқаны міндетті түрде ескертіледі. Ал шақырту аяқталғаннан кейін өшіріледі. Оның қуаты бір ауысымға толық жетеді. Олар арнайы станцияда қуатталады. Бейнежетондар ауысым сайын базаға тапсырылып сол жерден барлық жазба автоматты түрде серверге көшіріледі. Ақпарат кемі екі жыл сақталады. Бірақ даулы жағдайлар 3 немесе 5 жылдан кейін де тыңдалуы мүмкін болғандықтан, жазбалар ұзақ мерзімге архивте сақталады.
– Видеожетондар енгізіледі деген сәттен бастап мен бұл жаңашылдықты оң көзбен қабылдадым. Бұл тек біздің ғана емес, науқастардың да қауіпсіздігі үшін маңызды. Егер қандай да бір күрделі, даулы жағдай орын алса, бейнежазбаны объективті дәлел ретінде пайдалануға болады. Сонымен қатар бұл біздің жұмысымызға деген жауапкершілікті арттырады деп ойлаймын,– дейді ол.
Қазіргі таңда облыс бойынша күніне 1500-ге дейін жедел жәрдем шақыртулары тіркеледі. Көп жағдайда олар кеңес сипатында болса, жол апаттары, улану, биіктіктен құлау сияқты ауыр жағдайлар да кездесіп жатады.
Ирина Мищенконың айтуынша, жалған шақыртулар саны азайғанын, бірақ әлі де кездесе беретінін айтты. Шақыртуды нақтыламаған адамдар бригада келгенше кетіп қалып, уақыт жоғалтатын жағдайлар жиі орын алады.
Павлодар облыстық жедел жәрдем қызметі азаматтарды медицина мамандарына құрметпен қарауға және өмір мен денсаулыққа қауіп төндірмейтін жауапкершілікті ұстануға шақырады.